Муаммер Гүл Стамбулдағы Мармара университетін бітірген. Университетті бітіре сала қолына дипломын алып, Қазақстанға келеді. Бұл 1994 жыл еді.
Алғаш келгенде Ақтөбеде қызмет еттім. Тіл жағынан қиналдым. Балалармен көп сөйлесе алмадым. Балалар түрікше, ағылшынша үйренгеннен кейін бұл мəселе шешілді. Ол Қазақстанның жаңадан тəуелсіздік алған кезі ғой. Жағдай онша емес. Тамақ жағы да қинады, — дейді Муаммер Гүл.
Педагог қазір Нұр-Сұлтандағы дарынды ер балаларға арналған Білім-инновация лицейінде сабақ береді. Оның шəкірттері математикадан халықаралық олимпиадада 2413 медаль алған: 824 алтын, 390 күміс жəне 1199 қола жүлде. Атап айтсақ, оқушылары АҚШ, Үндістан, Бразилия, Грузия, Сингапур, Малайзия жəне Еуропаның көптеген мемлекетінде өткен олимпиадаларға қатысқан.
Біз олимпиадада ең жақсы нəтижені 2001 жылы көрсеттік. Сол жылы Америкадағы IMO-ға (International Mathematics Olympiad) Ақтөбеден үш оқушымыз қатысып, үшеуі де алтын алды. Негізінде IMO-дан алтын алу қиын. Тіпті бір алтын алу да оңай емес. Олимпиада тарихында бір мектептен үш оқушы алтын алуы тұңғыш рет еді. Команда бойынша үшінші орынды иелендік. Бұл жетістігіміз Гиннестің Рекордтар кітабына тіркелді, — деді мұғалім.
Оның айтуынша, оқушыларды олимпиадаға сабақтан тыс уақытта да, демалыс кезінде де дайындайды. Бір оқушыны дайындағанда күніне орташа есеппен 7-8 сағат уақыт кетеді екен.
Алдымен сабақ өтіп, түсіндіреміз. Сабақтан кейін есеп шығарып, практика жасайды. Сабақ беріп қана қоймай, оқушылармен сөйлесеміз. Қалай дайындалу керек, не нəрсеге дайындалу керек, соған мұқият жауап береміз. Үнемі олимпиада бойынша əңгімелесеміз, — деді педагог.
Муаммер Гүл Қазақстан атынан Дубайда өтетін «Əлем мұғалімі» халықаралық сыйлығының іріктеу кезеңіне қатысады. Əлем мұғалімі сыйлығы – педагогтарға арналған Нобель сыйлығының баламасы.