Байқау әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды, денсаулығында мүгедектігі бар тұлғаларды қолдайтын ұйымдарды, кәсіпкерлер мен меценаттарды, еріктілерді және тарихи ескерткіштер мен мәдени орталықтарды қалпына келтіруге үлес қосқан белсенді азаматтарды ынталандыру, қайырымдылық идеяларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.
Алматыда «Туған жер» арнайы жобасының қайырымдылық жасау жұмысына 130-дан астам тұлға тартылған. Оның ішінде 40-тан астам қоғамдық ұйым бар.
Марапат 5 номинация бойынша табысталды. «Жыл меценаты» номинациясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге қайырымдылық көмек бергені үшін Олег Тунгусов марапатталды.
«Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша жүлдеге Равиль Насифулин ие болды. Ол 2 жыл бойы қала тұрғындарының істен шыққан компьютерлерін жинап, қайта құрастырған. Оларды көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға сыйға тартқан. Барлығы 274 үйге компьютер берілді.
Марапатты білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова табыстады.
50 жыл ұстаз болғандықтан балаға жасаған жақсылықты естігенде риза болып қаламын. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген ұстанымдағы азаматсыңдар. Халқына пайдасы тиіп жатқан әрқайсыңызға ұстаз ретінде де, ана ретінде де алғысым шексіз, — деді Аягүл Миразова.
«Рух» қоғамдық бірлестігі «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша марапатталды. Бірлестік 2006 жылдан бері мүгедектігі бар балалар мен кәмелет жасынан асқан азаматтарға көмек беріп келеді. «Рух» бірлестігі құрылған уақытынан бастап мүгедектігі бар тұрғындарға бағытталған 400-ден астам жобаны іске асырған.
«Ерен еріктілік» номинациясы бойынша «Волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Айсұлу Ерниязова марапатталды. Лигада бүгінде 5 мыңнан аса волонтер бар. Оған қоса, Айсұлу Ерниязова — Алматыдағы 39 университеттің көшбасшы студенттерінен құралған G39 қауымдастығының үйлестірушісі.
«Туған өлке» номинациясының жүлдесі «№13 жол-құрылыс басқармасы» акционерлік қоғамының басшысы Михаил Грачевқа берілді. Михаил Грачевтың басшылығымен 28 гвардияшы-панфиловшы мен Бауыржан Момышұлы ескерткішінің алдына, Офицерлер үйі мен Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары музейінің сыртына жарық тартылған.
«Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай жеңімпаздарға алғысын білдірді.
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бізге: «Алдымен халыққа пайда ойла. Сенің пайдаң соның ішінде», — дейтін. Халыққа жақсылық істеген осындай азаматтар барда қоғам жақсарады. Мұның сыртында біз білмейтін азаматтар қаншама?! Ізгілікті насихаттайтын шаралар жалғасын тапсын, — деді Қали Сәрсенбай.
Айта кетейік, байқау жеңімпаздары онлайн дауыс беру арқылы анықталды.