«Әрдайым күлімсіреп жүруің керек»

Айдар Аханович (кейіпкер өзін осылай атауды сұрады) 24 жаста. Ментал бұзылысы бар емделуші. Өздігінен жүріп-тұрады. Бұған дейін ел аузында «Каблуковтағы дурдом» аталып кеткен Психологиялық сауықтыру орталығында тұрған. Бірақ Айдарды сырт келбетінен де, әңгімесінен де ондай орталыққа қимайсың. Біз кафеге барғанда көбі сұхбат беруден қашты. Психологтар да қинамады. «Сұхбат бергің келмесе, өзің білесің, жарайды» деп көндіруге тырыспады. Біз де ештеңе дей алмадық. Сол кезде алдымыздан Айдар жүгіріп шықты. «Мен сұхбат берейінші», — деді күлімдеп. Суретке түсіретінімізді білгенде: «О, олай болса сырт киімімді шешіп келейін. Суретке әдемі болып түсу керек қой», — деп қайта ішке кіріп кетті. Сәл уақыттан соң қайтып келіп, жағасын дұрыстап: «Қалай, дұрыс тұрмын ба?» — деді мәз болып.

Ол күнде сағат 9.00-де жұмысқа барады. Күн түстес сары жейдесін киіп алып, кафеге қонақ келуін күтеді. Шаршаса, ештеңеге қарамай отырып демалады. Айдар ақша санап, оны жұмсай алады.

Интернатта жүргенде маған Training кафеде тәжірибеден өтуге ұсыныс айтты. Онда даяшы да, кассир де болдым. Нанды өзім кестім, ақшаны өзім есептеп, кешке администраторға есебін өткізіп жүрдім. Соның арқасында қазір қаладағы кез келген кафе, мейрамханада жұмыс істей аламын. Даяшылар жақсы табады. Мысалы, мен бірнеше жерде жұмыс істеп, айына 150 мың теңге таба аламын. Бұл — мен үшін өте үлкен ақша. Алматыда даяшы күніне 5 мың теңгеге дейін таба алады. Күндік жалақыңмен қоса жақсы қызмет етсең, күліп жүрсең, қонақтар шайлық қалдырады, — деді Айдар Аханович.

Ол қазір Training кафеден басқа жерлерде де жұмыс істейді. Өзінің айтуынша, мақсатқа жету үшін әрдайым алға ұмтылу керек. «Жоба маған бәрін береді екен, осында өмір бойы қаламын» деп ойлау қате», — дейді өзі. Өкінішке қарай, Айдар қазір тұрақты жұмыс таппай жүр. Орналасқан жұмыс орнынан көп өтпей шығып кетеді екен.

Айдар Ахатович
Айдар Аханович. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жобадан шығып, өзіммен-өзім болғым келеді. Қазақстанның барлық азаматы сияқты дербес өмір сүргім келеді. Өзіме-өзім бас-көз болсам деймін. Құдай бұйырса, 2-3 жылдың айналасында теңімді тауып, үйленіп қалармын. Үйленгім келеді, әрине. Жалғыздан-жалғыз жүре берген де дұрыс емес, — деді кейіпкеріміз.

Біз барғанда психолог Камила Мергенбаева кафе қызметкерлеріне сабақ өткізіп жатты. Онда әркім өз проблемасын, кімге ренжіп, ашуланып жүргенін немесе қандай қиындыққа тап болғанын айтып, ақтарылады екен.

Қазір менің ешқандай проблемам жоқ. Осы өміріме ризамын. Сондықтан ренішін айтқандарға қолдау білдіріп қана отырамын немесе үндемеймін. Жобадағылардың бәрімен бірдей араласамын. «Ең жақын досым — мынау» деп ешкімді бөліп-жармаймын, — деді Айдар.

Айдар қазір бір бөлмелі пәтерде жалғыз өзі тұрады. Жоба пәтердің айлық жалдамалы ақысының 25 мың теңгесін төлейді. Қалған пәтерақы мен коммунал қызметті өзі төлейді. Ал тамақ пісіруді ол мектеп кезінен үйреніп алған.

Мектепте бізге тамақ жасауды үйрететін сабақ болатын. 15 жасымда барлық тамақты істей алдым. Даяшы болғасын қонақтарды жымиып қарсы аламыз. Тымырайып жүрсең, олар қайтып кафеге келмеуі мүмкін. Кіріс көп болуы үшін ылғи күліп жүру керек. Training каде таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін істеп, айына 80 мың теңге аламын, — деді Айдар.

«Бізге ақшаны санауды үйретті»

Кафе туралы материал жазу үшін алдымен Вадимнің нөмірін тауып, хабарласқанбыз. Шынымызды айтсақ, Вадимді Training кафе жобасының үйлестірушісі деп ойлап жүрдік. «Жобада кім болып істейсіз?» — деп те сұрамаппыз. Сөйтсек, Вадим жобаның қатысушысы болып шықты. Кафеге келіп өзгелерден де сұхбат алғанымызды көргенде: «Менен ғана сұқбат аламын деген едіңіздер, бәрімен сөйлесіп жүрсіздер ғой», — деп ренжігендей болды. Сірә, Вадим бізді қате түсініп қалған сияқты. Осы кафеде істейтін достары туралы жазатынымызды айттық. «Жарайды, ендеше. Мен дұрыс түсінбей қалыппын», — деп икемге келді. Есік алдына жиналған қамыстың үстіне отырып суретке түсуін сұрадық. Қамысқа, айналаға қарап біраз тұрады. Қамысты қолымен сүртіп көрді. «Аздап шаң сияқты. Басқа отыратын орын жоқ-ау, мейлі», — деп өтінішімізді орындады. Байқауымызша, Вадимнің жобадағы абыройы жоғары. Қазір «Болашақ» базары жақта ашылған Training кафеде жұмыс істейді. Курстан өтіп 5-дәрежелі аспаз атанған. Қазақстан ұлттық психоаналитика қауымдастығымен 2014 жылдан бері байланыс орнатқан. Қауымдастық сол уақытта Психологиялық сауықтыру орталығының емделушілеріне арнап клуб ашқан.

Вадим Нистеров
Вадим Нистеров. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бізге клубта қалада қалай жүру керек екенін, дүкеннен, супермаркеттен азық-түлікті қалай сатып алу керегін, ақша санауды үйретті. Қазір мұның бәрін істей аламын. Ал тамақ пісіруді кішкентай кезімнен білемін. Алғаш жұмыртқа мен картоп қуырғанмын. Кейін жобада жүргенде бізді тамақ пісіруді үйрететін курсқа жіберді. Бір айдың ішінде 5-дәрежелі аспаз болып шықтым, — деді Вадим Нистеров.

Вадимнің сүйікті асы — палау. Training кафеде шығыс тағамдарын дайындайды. Қазір жатақханада тұрып жатыр.

«Мені анам мен әпкем іздеп келді»

Мадина 30 жаста. Толық аты-жөнін сұрағанда есімін ғана айтты. Естімей қалған болар деп қайта сұраймыз, тағы да тек есімін қайталады. Ары қарай «тиісе бермейік» дедік. Тегін айтпаудың себебі бар болып шықты. Кейіпкерімізді түрлі ракурста, түрлі позамен фотоға түсіргенбіз. Қалай көрсетсең, тура солай түсіп береді. Арасында ұялшақтап күліп қояды. Қазір диета ұстанып жүр. Өзі ашық. Ойындағысын іркімейді.

Толықсып бара жатқанымды байқаймын. Сол үшін мейілінше су ғана ішіп жүруге тырысамын. Бір тілім нан кешке дейін жетеді. Бірақ бұның бәрі уақытша. Арықтап алғаннан кейін бұрынғы режимге қайта ораламын ғой, — деп күлді Мадина.

Екі жыл бұрын Мадинаның анасы табылған. Әпкесі бар болып шықты. Анасы оны тастамағанын, тек таба алмай қойғанын айтыпты.

Маған олардың келетінін, олардың бар екенін ешкім айтпады. Туған күніме тосын сый жасамақ болыпты. Жыладым. Анамның екі бауыры, әпкемнің екі баласы бар екен. Сонда менің жиендерім бар болып шықты. Бірақ әпкемнің әкесі басқа. Қазір анаммен араласып тұрамын. Бірақ бәрібір біреумен бірге тұрғым келмейді. Өзіңмен-өзің болғанға не жетсін?! — деді Мадина.

Мадина беске толғанда ата-анасы ажырасуды ойлаған. Әкесі қызын өзімен бірге Ресейге әкетпек болған екен. Өзінің айтуынша, оған дейін анасының ағасының үйінде тұрыпты. Бір күні қолына зақым келіп, Қалқамандағы ауруханаға түскен. Ол жақтан әкесі әкетіп қалады. Үйіне келген соң әкесінен көп таяқ жегенін айтты. Бірақ әкесі Ресейге жалғыз кетіп, Мадинаны подъезд алдында отырған әжелерге тастаған. Олар өздері танымайтын қызды қайтерін білмей, перзентханаға апарған. Ал ол Мадинаны «Жанұя» орталығына өткізген. 10-класқа дейін осы орталықта болып, кейін Сергей Лебедев көшесіндегі орталыққа ауыстырыпты.

Мадина
Мадина. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Одан соң Психологиялық сауықтыру орталығында болдым. Бұл — басқа адамға кіруге, бізге рұқсатсыз шығуға болмайтын жабық мекеме. Ол жерден осы жоба алып шықты, — деді Мадина.

Кейіпкеріміз қазір Training кафеде фри жасайды. Оны қуыру үшін картопты өзі аршитынын, кескіш аппаратпен бәрін өзі кесетінін мақтанышпен айтты. Шаршап тұрса да, жұмыстан ешқашан қашпайтынын жеткізді. Жұмысы бітсе, аспаздарға көмектеседі екен. Жатақханада бір бөлмеде жалғыз өзі тұратынын балаша қуанып айтты.

Жатақханада бөлмеде бір өзім тұрамын. Сенесіз бе, бұл — менің жеке бөлмем. Мемлекет зейнетақы береді. Жоба шәкіртақы тағайындаған, жұмыс істегенімізге де ақы төлейді. Бірақ менің «өзі әрекет ете алады» деген қағазым жоқ. Ресми жұмысқа тұра алмайтындықтан еңбекақым аз. Екі күнге 4 мың теңге аламын, — деді Мадина.

Оның айтуынша, жоба аптасына 6 мың теңге шәкіртақы аударады. Мадина қазір өзінің жеке пәтері болғанын армандайды. Сол үшін депозит те ашып қойған. Онда ай сайын зейнетақысын түгел салып қояды. Ал өмір сүруіне шәкіртақысы мен еңбекақысы жетіп жатыр. Қазіргі бар арманы — басқа жұмыс табу.

«Біреуге көмектесуден де басқа жұмыс істегім келеді»

Жанар алдыңғы кейіпкерлеріміз сияқты емес, ұялшақтау. Жасы 39-да. Кафеден шығып келе жатып, есік алдындағы тәрбиешісін көріп құшақтап алды. «Бұл кісі біздің анамыздай. Ол бізді жақсы көреді. Ол мейірімді. Біз де оны жақсы көреміз», — деді.

Жанар да тегін айтпады. Айтқысы келмеді ме, әлде айта алмады ма, онысын қазбаламадық. Қазір Training кафеде ыдыс тасып, аспаздарға тамақ пісіруге көмектесіп жүр. Бірақ мұндай майда-шүйде жұмыстан гөрі бір өзі ғана бастан-аяқ істейтін шаруамен айналысқысы келеді.

Салат жасауды, тамақ пісіруді үйреніп кетемін ғой. Тек біреудің жұмсағанына барып жүре бергім келмейді, — деді Жанар.

Жанар
Жанар тәрбиешісімен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ол аспаз болғысы келеді. Қиын болса да үйреніп кетем деп бекініп отыр. Өзгелерге қарап, қызығатын болар. Жобадағылардың көбімен араласып, әңгімелесіп тұрады екен.

Training кафе қалай пайда болды?

Training кафені Алматыда 2015 жылы Қазақстан ұлттық психоаналитика қауымдастығы ашқан. Жобаның мақсаты — Психологиялық сауықтыру орталығының емделушілерін сыртқа шығарып, қоғамда өмір сүруге үйрету. Қазір онда орталықтың 22 емделушісі жұмыс істейді. Олар қауымдастықтың «Қамқор отау» жобасы аясында сауықтыру орталығында емес, пәтер мен жатақханада тұрады.

Training кафе мен «Қамқор отау» жобаларының үйлестірушісі Бақытжан Құдияровтың айтуынша, жобалардың негізі 2013 жылы басталған.

6 жыл бұрын қауымдастық клуб ашып, орталықтан келген балаларды оңалту, қоғаммен араластыру жұмысы жүрді. 2015 жылы «Сорос-Қазақстан» қорынан  Training кафе мен «Қамқор отау» жобаларына грант ұтып алдық. Қормен 4 жылдай бірге жұмыс істедік. Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек 2016 жылы Алатау ауданындағы «Болашақ» базарында кафеге ғимарат берді. Екінші кафені Ale-Pub құрамында былтыр швейцар қорының қолдауымен аштық, — деді Бақытжан Құдияров.

Бақытжан Құдияр мен Айдар Аханович
Бақытжан Құдияр мен Айдар Аханович. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Training cafe жобасында 28 адам бар. «Қамқор отау» соның 22-сін қамтиды. Қалғандары үйінен қатынайды, басқа ұйымдардан келіп қатысады. Кафеде жұмыс істейтін жандардың жасы 18-45 жас аралығында. Кафені қазір «Трафигура» швейцар қоры, ал «Қамқор отауды» Алматының әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы қаржыландырып отыр. Бақытжан Құдияровтың айтуынша бұл жобалардың мерзіміне шектеу жоқ.

Шәкен Айманов пен Ораз Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан Training cafe туралы үш жыл бұрын жазғанбыз. Ол кезде кафе жұмысын енді ғана жолға қоя бастаған еді. Бірақ ол келушілердің аздығынан жабылып қалыпты. Бұл жолы барған Мұқағали Мақатаев пен Ахмет Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы кафе 1 айдан соң ашылады.

«Жобадағылар сатып алған заттың құны болатынын түсініп келе жатыр»

Біз барғанда психолог Анна Құдиярова қызметкерлерге сабақ өтіп жатыр екен. Кіші топқа сабақ беретін психолог, Қазақстан ұлттық психоаналитика қауымдастығының мүшесі Камила Мергенбаевамен де таныстық.

Шетелде мүгедектігі бар адамдардың да кафеде жұмыс істейтінін естідік. Жобаны Анна Құдиярова бастады. Қазір командада оншақты адамбыз. Психологиялық сауықтыру орталығына түскен адамның бәрі сол жерде қалып кететіндер емес. Олар күндіз кафеде істегенімен бәрібір кешке орталыққа қайтатын. «Қамқор отауды» күтушісіз, тәрбиеші апайларынсыз, психологсыз жеке өмір сүруге үйрету үшін аштық, — деді Камила Мергенбаева.

Жобадағылардың бәрінде психологиялық ауытқуы бар екені туралы анықтамасы бар. Камила Мергенбаеваның айтуынша, жобадағы адамдар өмірінде ақша ұстап көрмеген. Қазір зейнетақысын өздері алады, өздері жаратады. Бірақ қай ақшаның қайда кетіп жатқанынан жоба жетекшілері хабардар болып отыратынын айтты. Әрқайсына жобадан айына 25 мыңдай шәкіртақы беріледі.

Екі-үш баламыз жобадан тәжірибе жинап, қазір басқа жерлерде жұмыс істеп жатыр. Балаларды пәтерлер мен жатақханаларға орналастырдық. Жоба жалға алу ақысын түгел төлейді, олар тек коммунал қызметті төлеп отыр. Пәтерде бір бөлмеліге екі адамнан артық тұрғызбаймыз. Пәтерді тауып береміз немесе өздері түрлі мобайл қосымшамен тауып алады, — деді психолог.

Оның айтуынша, жоба қатысушылары осыған дейін тек «бер, бер» деп үйреніп қалған. Қоғамға араласып, өмір сүру үшін әр зат пен еңбекке төлеу керегін түсінген.

Камила Мергенбаева
Камила Мергенбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Психологиялық сауықтыру орталығынан 600-дей баланың ішінен 22 баланы таңдап аларда ортада өзін ұстай алатынына, еңбекке икемінің бар-жоғына қарадық. Балалар басында сөйлеуге ұялатын. Кафеде қонақтардан тапысырыс алмақ түгілі залға шығуға қорқатын. Қонақтар бізден шошиды деп уайымдады. Қазір өздерін еркін ұстайды. Тренерлер шеберлік сағатын өткізеді. Жоба қатысушыларына оның тегін емес екенін айтамыз. Әрқайсы 500-1000 теңгеден төлейді. Сатып алған заттың құны болатынын түсініп келе жатыр, — деді Камила Мергенбаева.

Оның айтуынша, психоанализ институтының студенттері мен психолог мамандар әр балаға аптасына екі рет жеке тренинг өткізеді. Жоба психологтары қатысушыларды үш топқа бөлген. Үлкен топта психологияны түсінетін, сезімін ашық айтатын балалар болса, екінші топқа осы критерийлері әлсіздеу қатысушылар кіреді. Ал кіші топтағылар дұрыс сөйлей алмайды. Айтатынын қимылмен көрсетеді, сөйлесе де, ойын толық жеткізбейді немесе адамға ашылуы қиын. Жобадағы жандар Бақытжан Құдияров пен Психологиялық сауықтыру орталығының қамқорлығында.

Қазір сегіз балаға «әрекет ету қабілеті бар» деген анықтама алып бердік. Бесеуіне осындай анықтаманы беру туралы сот жүріп жатыр. Адамның әрекет ету қабілеті болса, ресми жұмыс істей алады. Соған лайық жалақысын алады. Бір затты сатуға, сатып алуға, зейнетақысын өзі жұмсауға құқы бар және қандай да бір ұйым алдында есеп беруге міндетті емес. Тіпті, оқуға түсіп, шетелге шыға алады, — деді психолог.

Алғашқы Training кафеге келген қонақтарға даяшы болып, қызмет көрсететін адам арнайы таныстырылатын. Психологтың айтуынша, басында «жақсы екен» деп айтқанымен бір келген адам қайтып келмейтін.

Адамдар «Сорпаны басымнан құйып жіберсе қайтемін?», «Мұндай адамның қолынан қалай тамақ ішемін?» деп ойлайды. Әйтеуір, өзіне кімнің қызмет ететінін білгенде тұрып кеткен ешкім жоқ. Тіпті, Бостандық ауданы әкімдігінің адамдары бізге бас сұғып, ас ішпейтін, — деді психолог.

Психолог қатысушыларға өмір бойы жобада қалып, қамқорлықта болмайтынын қазірден құлағына құятынын айтты. Олардың әңгімесінен де жобадан бөлініп шығып, өзді-өз болып кеткісі келетінін байқайдық. Олардың көбі кішкентайында бөбектер үйінде, одан балалар үйінде, кейін Психологиялық сауықтыру орталығында тұрған. Бір-бірін өмір бойы білетіндіктен отбасы сияқты болып кеткен. Камила Мергенбаеваның айтуынша, жұрт қорқатындай адамға зиян келтірмейді. Төрт жылдан бері білгендіктен тып-тыныш өз ісін істеп жүретінін айтты.

Кейде біздің қоғам ақыл-есі сау, денсаулығында кінәрат жоқ адамға ғана арналғандай көрінеді. Айналамызда өзіміз сияқты жандар ғана тіршілік етіп жүргендей. Бірақ түрлі диагнозбен, түрлі дағдымен өмір сүріп жүргендер бар. Оларға аяушылық пен немқұрайлылықтан гөрі өмірге икемдейтін қамқоршы керек, дос керек сияқты.