Ақыл, Қайырбек, Айбек және Нукан — бір ауылдың балалары. Олар қалаға жақсы өмірді аңсап келген. Бірақ бәрі жігіттердің қалағанындай болмады. Төртеуі бірігіп, көлік айналарын ұрлап, күнелтеді. Бір күні жоспардың күл-талқаны шығады. Полиция да іске бел сыбана кіріседі.

Атыс-шабыс және криминал драма жанрындағы фильмнің басты ролін Аян Өтепберген, Элизат Берікова, Сырым Қашқабаев, Азамат Ашмақын, Дәуір Анарбай, Серікболсын Қайыржановтар ойнайды.

Картинаны «Шындықты айтамыз» полемика клубы алдын ала көріп, талқылады. Режиссер көрерменнің сұрағына жауап берді.

"Шындықты айтамыз" полемика клубы
Фото: Hyip.kz

Фильм кешегі ауылдың қарапайым балаларының қалай қылмыскерге айналып кететіні туралы. Бас кейіпкер Ақыл полицейге ұрлық жасауға аштық пен жоқшылық себеп болғанын айтты. Полицей «Аш адам тапанша емес, нан сатып алуы керек» дейді. Фильмнің дәл осы тұсынан біздің нені көздегенімізді білуге болады. Егер біз ұрыны жоқшылықтан қылмысқа барды деп қорғап алсақ, картина оларды ақтау мақсатында түсірілген болар еді. Адам аш болса, ақша керек болса, емін-еркін ұрлық жасай бермейді ғой?! Бір жағынан, қарапайым балалардың не үшін қылмысқа барғанын айтпай кете алмаймыз, — дейді Рашид Сүлейменов.

«Полицейлерді тек жақсы жағынан көрсеттіңіздер» деген пікір айтылды. Режиссер оған да жауап берді.

Полиция қалай жұмыс істеуі керек, біз дәл солай көрсеттік. Мемлекеттік органдардан ешқандай тапсырыс я қолдау болған жоқ. Қылмыскерді құрықтау тобы да актерлар мен каскадерлардың арқасында шынайы шықты деп ойлаймын, — дейді режиссер.

Кез келген көрермен фильмнен Денис Тен тап болған оқиғаны көрді. Фильмді көруге келген киносыншылардың айтуынша, авторлар осы оқиғаны дайын көркем сюжетке айналдыра салған. Бірақ режиссер картинада айна басқа идея бойынша деталь ретінде қолданылғанын айтты.

Аян Өтепберген және Рашид Сүлейменов
Аян Өтепберген мен Рашид Сүлейменов. Фото: Hyip.kz

«Айна» — метафора. Біріншіден, бұл сөз фильмге эпиграф болып тұр. Екіншіден, бас кейіпкерлердің бүкіл құндылығы «айна» деген сөзге сыйып тұрған сияқты. Себебі олар соны ұрлайды, сонымен күн көреді. Ал өмірде айна бізді, ісімізді көрсетеді. Сонда фильм қазіргі күйімізді көрсетіп тұр. Кейбірі ішінен өзін көреді, — дейді Рашид Сүлейменов.

Көрерменнің арасында психологтар да болды. Мамандар актерлардың өте шынайы ойнағанын айтты. Басты рольді ойнаған актер Аян Өтепбергеннің айтуынша, фильм өте салмақты, жүрекке ауыр.

Фильмдегі кез келген сахна оңай болмады. Себебі материал ауыр, салмақты. Арқанмен 3-қабаттан сырғанау қиын болды. Өмірде көлігімнің айнасы тоналмады. Бірақ бірде терезесін сындырып, гитарамды алып кеткен, — дейді Аян Өтепберген.

Нукан ролін Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы драма театрының актеры Серікболсын Қайыржанов ойнады. «Айна» — оның кинодағы алғашқы тәжірибесі.

Осы фильмге актерларды таңдағанда келбетіме мән берді, ұнатты. Бірақ маған камераға қарамай ойнау қиын болды. Театрда бәрі басқаша ғой. Кейіпкерім Нуканның баласымен қоштасып, «Ұрлық жасама» деген сәті өте әсерлі шығыпты. Көз жасымды әрең тыйып отырдым, — дейді Серікболсын Қайыржанов.

Актер Дәуір Анарбайдың айтуынша, режиссер күнде болып жатқан өзекті проблеманы әдемі жеткізді.

"Айналар" фильмі
Түсіру тобы. Фото: Hyip.kz

Рашид Сүлейменов фильміне өзекті проблеманы таңдап алды. Меніңше, ол қылмыскерлердің жан дүниесін ашқысы келді. Олар да адал ақша тапқысы келеді, жақсы жағдайда өмір сүруді қалайды. Бірақ ұрлық жасайтындар ызалы, бірнәрсеге көңілі толмайды. Осыған сай кейіпкеріме бүкіл жанымды беруге тырыстым, — дейді актер.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!