ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев ел азаматтарына үндеу жасады. Үндеуді ведомствоның баспасөз қызметі таратты.
Әлеуметтік желілерде сот экстремистік деп таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы мен оның жақтастары 2019 жылғы 26 қазанда кезекті заңсыз акцияларды ұйымдастырып, қатысуға шақырулар таратып жатыр. Аталған ұйымның мүшелері аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін шетелде сот төрелігінен жасырынып жүр, — дейді Болат Дембаев үндеуінде.
Бас прокуратураның мәліметінше, тыйым салынған ұйым жақтастары тұрғындарды құқыққа қарсы іс-әрекетке айдап салып, адамдардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне, қоғамның қалыпты тіршілігіне қауіп төндіріп отыр. Болат Дембаев бұл азаматтардың қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін іс-әрекетіне жол берілмейтінін айтты, себебі ол Конституцияның нормаларына, елдің заңдарына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19, 20, 21-баптарына қайшы келеді.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13-бабы бойынша экстремистік ұйымдарды тарта отырып, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізуге, олардың айырым белгілерін пайдалануға, экстремистік материалдарды таратуға жол берілмейді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар сот тыйым салған экстремистік ұйымның рұқсат етілмеген наразылық акциясын ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларға заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданады, — деді Болат Дембаев.
Бас прокуратураның хабарлауынша, заңсыз акцияларға қатысу фактілері расталған жағдайда құқық бұзушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапқа тартылады (жазасы — 50 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу).
Егер бұл іс-әрекет азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулі зиян келтірсе, ол қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады (Қылмыстық кодекстің 400-бабы — «Рұқсат етілмеген акцияларды ұйымдастыру және қатысу, іс-әрекеттің елеулi зиян келтiруі»). Бас прокуратура құқықбұзушылықтың алдын алу, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында азаматтарды арандатушылыққа берілмеуге және экстремистік ұйымдардың заңсыз акцияларына қатыспауға үндейді, — делінген үндеуде.