Халық Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаншалықты сенеді?

Институттың мәліметінше, сауалнама 14 облыстың орталығында, ауылдарда, Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Шымкентте жүргізілді. Оған еліміздің 18 жастан асқан орташа әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерге ие азаматтары қатысқан.

Сауалнаманың нәтижесі бойынша ел Президенті тікелей қолдаудың жоғары деңгейіне ие болып отыр. Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты халықтың 70,3%-і қолдайды, — делінген институттың сайтында.

Еуразия интеграция институты сауалнамасының нәтижесі ҚР Президентіне халықтың 74,9%-і сенім артатынын көрсеткен. Тұтас алғанда, респонденттердің көбі Мемлекет басшысының қызметіне риза. Олардың 70%-і Президент бастамалары халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің дамуына қауқарлы деп есептейді.

Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, ҚР Президентінің «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деген мәлімдемесі, «Адамдарға, әсіресе балаларға қарсы ауыр қылмыстарға берілетін жазаны күшейту», «Көпбалалы және табысы аз отбасыларға жалдамалы баспана беру», «Несиені кешіру», «Қазақстанның стратегиялық әріптестермен және халықаралық ұйымдармен белсене ынтымақтастық етуі» сияқты анағұрлым маңызды шаралар болды. Респонденттер Президент пен Үкімет жалақы мен зейнетақы мөлшерін, елдің жалпы әл-ауқатын арттыру, баспананы халықтың көп санатына қолжетімді ету сияқты мәселелерді шешеді деп үміттенетінін айтқан. Сонымен бірге сауалнамаға қатысушылар Президент пен Үкімет сыбайлас жемқорлық пен қылмысты азайтады, медицина қызметі мен білім беру сапасын арттырады деп сеніп отыр.