Disney компаниясы 1959 жылы «Ұйқыдағы» мультфильмін түсірген. Ертегі желісі бойынша Түнек әміршісі Малефисента бір елдің ханшайымы Аврораны дуалап, ол 100 жылға ұйқыға кетеді. Оны тек шын жақсы көрген адам ғана оята алады. Ертегінің соңында ханзада Аврораны сүйіп, оны құтқарып алады. Адамдар Батпақты елінің патшайымы Малефисентаны өмір бойы жек көріп, одан қорқып өтеді. Түнек әміршісі ханшайымды не себепті дуалады? 2014 жылы түсірілген «Малефисента» фильмі осы сауалға жауап береді. 2019 жылы фильмнің жалғасы «Малефисента: Түнек әміршісі» атауымен шықты. Малефисентаны Анджелина Джоли, Аврораны Эль Фаннинг ойнап шыққан. Фильмде Малефисента Аврораның дуасын қайтарғаннан соң бес жылдан кейінгі оқиға баяндалады. Туынды желісі Батпақты елінің патшайымы мен ханшайымның арасындағы күрделі байланыс, ана махаббаты, сиқырлы орманды қорғаудағы жаңа одақтас пен қарсылас туралы. Фильм алты жастан үлкен көрерменге арналған.

Туындыны қазақ тілінде дубляждауға 50 актер қатысты. Нұр-Сұлтан мен Алматыда актерлер жабық кастингтен өткен. Бір кейіпкерге бірнеше адамның дауысы жазылып Disney-ге жіберіліп, компания оларды бекіткен. Анджелина Джоли кейіпкерінің дубляждайтын дауысын өзі таңдайды екен. Бұл туралы 2014 жылдан бері актрисаның дауысын дубляждауға бекітілген театр және кино актрисасы Гүлназ Әуесбай айтып берді.

2014 жылы «Малефисента» фильмінде басты рольді дыбыстап, Анджелина Джолидің рольдерін 7 жыл дубляждауға таңдап алды. Бұл актрисаны қазақша сөйлетуді өзім де сағыныппын. Биыл Малефисентаны 1 тәулікте дыбыстап шықтым. Маған процесті үзбей орындаған ұнайды. Біз фильмнің сюжетін білмейміз. Әр актерге өз кейіпкерінің сөзі ғана беріледі. Фильмдегі қақтығыс құда-құдағидың сыйыспауынан басталады. Оны бастаған жігіт жақтың көздегені де — сол. Ал Малефисента қызын қорғап әлек. Синхрон дыбыстауда рольді өзің ойнап шыққандай кейіпкердің эмоциясын, сезімін көрсетесің. Мысалы, «Томирис» фильмінде барлық қыздың роліне дикторлық дубляж жасадым. Онда деректі фильмдегідей тек баяндау әдісін пайдалану керек. Бірақ барынша дыбысқа реңк беруге тырыстым, — деді Гүлназ Әуесбай.

Актрисаның айтуынша, біздің елді дубляждың 10 жыл бұрын бекітілген ақысы бар. Гүлназ Әуесбай еңбекақының жұмыстың мақсаты мен ауқымына сай келу-келмеуіне қарайтынын айтты.

Малефисента 2
Фото. Онлайн-кинотеатр Ivi

Фильмнің қазақша нұсқасының сәтті шығуы көбіне аудармасына байланысты. Қазақи менталитетке сай аударма көрерменді тартады. «Малефисента: Түнек әміршісі» фильмін «Коконың құпиясын» қазақша сөйлеткен аудармашы Әсем Мамырова аударып шықты.

10 жылдан бері кино, мультфильм, телесериал аударумен айналысамын. «Малефисента: Түнек әміршісін» ағылшын тілінен аудардым. Бұл балаларға арналған туынды болғандықтан баланың оңай түсінуіне көңіл бөлдім. Фильмді 1,5 айда аударып тапсырдым. Бірақ редактор, үйлестіруші үстінен қарап, режиссер ішінара өзгертуі мүмкін. Аудармада мүмкіндігінше сөздің, сөз тіркесінің қазақша баламасын табуға, туындыны қазақтілді көрерменге жақын етуге тырысамыз, — деді Әсем Мамырова.

Қазақстанның кинотеатрларында қазақша және орысша дубляждалған нұсқалары 17 қазаннан бастап көрсетіледі. Туындыны «Өзіңнен баста» жобасының аясында «Болашақ» корпоратив қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасы қазақшаға аударып, дубляж жасады. «Өзіңнен баста» жобасының жетекшісі Айымгүл Орынбаеваның айтуынша, бұл — «Болашақ» қоры қазақшаға аударған 32-фильм. Ол фильмнің қазақша нұсқасын прайм-таймға қою сұранысқа қатысты екенін айтты.

Өкінішке қарай, қазақша дубляждалған нұсқасы бастапқыда адам көп бара бермейтін уақыттарда тұруы мүмкін. Қазақтілді көрерменнің сұранысы артса, прайм-таймға қойғызамыз. Сұраныстың бар-жоғын билеттің сатылымына қарай білеміз, — деді Айымгүл Орынбаева.

Малефисента 2
Фото. Онлайн-кинотеатр Ivi

Жоба 8 жылдан бері жалғасып келеді. Айымгүл Орынбаева осы уақытта қазақтілді көрсетілімге сұраныстың артып келе жатқанын айтты.

«Малефисента: Түнек әміршісінің» алдында «Арыстан патшаны» қазақшаға аудардық. Қазақтілді сұраныс өте жоғары болды. Фильмдерді прокатқа шығарғаннан ақша таппаймыз. Өйткені бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба. Орысша және қазақша нұсқаларының билет бағасы бірдей. Туындыны аударып, дубляждау 2019 жылдың тамызынан басталды. Келер жылы 7 фильмді қазақшаға аударып, дубляж жасауды жоспарлап отырмыз, — деді жоба жетекшісі.

Фильм Қазақстанның барлық қаласындағы кинотетрларда көрсетіледі.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!