«Батыл жүрек» — Brave

Pixer және Walt Disney Pictures компаниясы 2012 жылы шығарған компьютерлік мультфильм. Басты рольдерді Іңкәр Әбдіраш, Төлеубек Аралбай, Айжан Дәулетбақова, Гүлжамал Қазақбаева дыбыстайды.

Шотланд тауларының тылсымға толы сілемдері туралы ғасырлар бойы неше түрлі аңыз-әңгіме айтылып келеді. Садақшы ханшайым Мерида тағдырын өзі шешемін деп жүріп, шотланд тайпаларының арасында жанжал туғызуға себепші болады. Мериданың қатесінен бүкіл патшалыққа қауіп төнеді. Қыз аңызда ғана айтылатын сиқыр, дуаға кезігіп, тауда өмір сүретін құбыжыққа жалғыз қарсы тұрады.

Мерида
Кадр скрині

«Моана» — Moana

Walt Disney Animation Pictures компаниясы 2016 жылы шығарған толықметраж мультфильм. Басты рольдерді Мақпал Исабекова мен Бүркіт Жансейітов дыбыстайды.

Анимациялық фильмде Тынық мұхитындағы кішкентай аралда мекендейтін тайпа көсемінің қызы Моананың бастан кешкендері баяндалады. Ол кішкентай кезінен саяхаттауды армандайды. Алайда тайпа заңдары саяхаттауға тыйым салады. Себебі ежелде Мауи есімді жартылай Құдай өмір Құдайы Те Фитидің жүрегін ұрлап кетеді. Соның әсерінен лава Құдайы Те Ка оянып, жер бетіне жақсылық атаулыны жоюға құмар түнек түседі. Нәубет суға шыққан кемелерді, артынша бүтіндей аралдарды бір-бірлеп жоя бастайды. Моананың әжесі Таланың айтуынша, мұның бәрін тоқтату тек немересінің қолынан келеді. Ол Мауиді тауып, мұхитты кесіп өтіп, зұлымдыққа қарсы күресуі тиіс.

Моана мультфильм қазақша
Кадр скрині

«Коконың құпиясы»- Coco

Pixer Animation Studios және Walt Disney Pictures компаниясы 2017 жылы шығарған толықметраж анимациялық фильмі. Басты рольдерді Ақарыс Әшімхан мен Құралай Ешмұратова дыбыстайды.

Мультфильмде 12 жасар Мигельдің шытырман оқиғаcы баяндалады. Отбасының қарсылығына қарамастан Мигель музыкамен айналысады. Кумирі Эрнесто де ла Крус сияқты тәжірибелі музыкант болуды армандайды. Бойындағы талантын дәлелдеу үшін Мигель сүйкімді өтірікші Гекторды кездестіреді. Екеуі саяхаттап, Мигельдің туыстары туралы шындықты іздейді.

Коко құпиясы
Фото: Youtube.com

«Көліктер 3» — Cars 3

Pixer Animation Studios және Walt Disney Pictures компаниясы 2017 жылы шығарған америкалық толықметраж мультфильм. Бұл — 2006 және 2011 жылы шыққан мульфильмнің жалғасы. Басты рольдерді Нышанбек Жұбанаев, Азамат Қанапия, Сая Тоқманғалиева, Сырым Қашқабаев, Нартай Сауданбекұлы және Маржан Арапбаева дыбыстайды.

Көпшіліктің көзайымына айналған Найзағай Маккуиннің хикаясы жалғасын табады. Жарыс алаңында жаңадан жүйрік машиналар пайда болып, Найзағай бәсекелістікке қауқарсыз болып шығады. Бірақ ол берілмей, Круз Рамирез есімді талантты механиктің көмегіне жүгінеді. Екеуі Маккуинді бұрынғы дәрежесіне қайта оралту үшін іске кіріседі.

Көліктер 3
Кадр скрині

«Суперотбасы 2» — Incredibles 2

Pixer Animation Studios және Walt Disney Pictures компаниясы 2018 жылы шығарған  анимациялық мультфильм. Режиссер-сценарист — Брэд Берд. Бұл — 2004 жылы шыққан мульфильмнің жалғасы. Басты рольдерді Айкөркем Әділгереева мен Дидар Құралбаев дыбыстайды.

«Суперотбасы» бірінші бөлімдегі оқиғадан соң көпшіліктің назарында болды. Теледидар экранынан Ерекше ханымның күйеуіне қарағанда әлдеқайда жақсы көрінетіні белгілі болды. Ерекше мырза көбіне үйінде отырып, балаларына қарайды. Олардың әрқайсы өздерінің супер қабілетіне риза емес еді. Бірақ супер отбасыға үлкен дұшпаннан қатер төніп тұрғанда отбасылық мәселелер екінші орынға ығыстырылады.

Суперсемейка 2
Фото: Тhr.ru