Розали Лопес — NASA реактив қозғалыс зертханасының аға ғылыми қызметкері. Біз одан ғарыш агенттігіндегі карьерасы қалай басталғанын сұрадық.

Отбасыммен Рио-де-Жанейрода тұрдық. Бірде ата-анам Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанын айтып отырды. Әкем менен «Менің қызым да ғарышкер болады. Солай ма?» деп сұрады. Мен ойланбастан «иә» дедім. 7-8 класта оқып жүргенде оның қиын екенін түсіндім. Себебі, біріншіден, мен бразилиялық болдым. Ал Бразилияда бірде-бір ғарыш жобасы болмады. Екіншіден, қыздардың ғарышқа ұшуы екіталай. Үшіншіден, көзім нашар көретін. Сондықтан бұл саладан алыс кетпеу үшін NASA-ның ғалымы боламын деген мақсат қойдым, — дейді ол.

Розали Лопес
Розали Лопес. Фото жеке архивінен

Розали Лопес агенттікте қатардағы көп ғылыми қызметкердің бірі болып қалған жоқ. Ол Юпитердің Ио атты серігінде 71 жанартау бар екенін анықтаған. Сол еңбегімен Гиннесс рекордтар кітабына кірген.

«Менің вулканолог болуыма университеттегі профессорым әсер етті. Ол дәрістерінде геология, жанартау туралы көп айтатын. Мен оған қызығып, диссертация қорғаймын деп шештім. Сондықтан баланың жетістікке жетуіне шабыт беретін, сол салаға қызықтыратын оқытушының болуы маңызды. Лондонда диссертация қорғағаннан кейін бірден АҚШ-қа бардым. Конференциялардың бірінде құрбым NASA-ның «Галилео» тобымен таныстырды. Олар менің мамандығым бойынша маман іздеп жатыр екен. Маған жұмыс ұсынды. Сол топпен жұмыс істеп жүріп, инфрақызыл аспаптың көмегімен Юпитердің Ио атты серігінде 71 жанартау бар екенін анықтадым. Әріптестерім қалжыңдап, мені рекордтар кітабына енгізу керек екенін айтатын. 2006 жылы мені Гиннесстің әлемдік рекордтар кітабына қосты. Ісіңнің шебері болсаң, сенің әйел немесе ер адам екеніңе қарамастан барлығы сыйлайды», — деді ғалым.

Розали Лопес Алматыдағы В.Фесенков атындағы астрофизика институтының мамандарымен кездесті. Ол қазақстандық әріптестерінің айналысып жатқан жобаларына жоғары баға берді.

Қазақстанның астрофизик ғалымдары өте ауқымды, маңызды жұмыс істеп жатыр. Олар АҚШ-тағы әріптестерімен де тығыз байланыста. NASA-ның деректерімен зерттеу жасағысы келсе, қуана келісемін. Біз әр зерттеудің дерегін интернетке де жүктеп отырамыз, — дейді Розали Лопес.

Ғалымның айтуынша, мақсатқа жету үшін айналысатын істің нақты бағытын таңдаған жөн. Сонымен бірге қызметке деген сүйіспеншілік болмаса, жеңіске жету де қиын екенін айтты.

Маған мүмкіндік берсе, әлі де ғарышқа ұшқым келеді. Бірақ қазіргі істеп жүрген жұмысым өзіме ұнайды. Әлі де қызық жобалармен айналысқым келеді, — дейді ол.