Жұлдыздар мен ғаламшарлардың адам тағдырына әсері бар дегенге сенесіз бе? Астролог Катеринаның (Марга Прамода) айтуынша, адам өмірі жұлдыздардың орналасу тәртібіне байланысты. Сондықтан, маңызды шешім қабылдамас бұрын астрологтың көмегіне жүгінген жөн екен. Ал сіз астролог маманының көмегіне жүгініп көрдіңіз бе? Ғаламшарлар туралы не білесіз? Бүгінгі сұхбатымызда астролог Катеринамен аспан денелері мен жұлдызнама құру тәртібі туралы әңгімелесіп қайттық.

Жұлдыз жорамал – астрологияда қолданылатын, планеталар мен жұлдыздардың белгілі бір уақытқа сәйкестендіріліп орналасқан кестесі.

Астрология – аспан денелері мен адамдардың арасын байланыстыратын ғылым. Келешекті болжап айту үшін (гороскоп құрастыру үшін) астрологтар осы ғылымға сүйенеді. Аспан денелері жер бетінде орын алатын оқиғаларға, адамның тағдырына әсерін тигізеді деп сенеді астрологтар.

Жұлдыз жорамал дегеніміз не?

Жұлдыз жорамал өте ауқымды ғылым. Гороскоп деп жүргендеріңіз – натальді карта. Ол жұлдыз жорамалдың бір ғана тармағы. Натальді карта ашу арқылы адамның қандай мақсатпен туылғанын, болашақта не күтіп тұрғанын, қандай біліктілігі мен ынтасы бар екенін білуге болады.

Адамның өмірін дұрыс болжау үшін, тәжірибесі мол астрологқа бару керек.

Мысалы, бірі жетістікке оңай қол жеткізеді, бірі сәтсіздікке жиі тап болады. Жоғары оқу орнын бітірсе де, қарпайым жұмысшы боп істейтіндер де бар. Мұндай жағдайларға тап болмас үшін астролог маманы сізге нақты қандай салаға қабілетіңіз бар екенін айтып бере алады. Бір істі қолға алмас бұрын, бұрынғы бастаған ісіңнің аяқталғанына көз жеткізу керек. Жолыңыз болмай қалған жағдайда тығырықтан шығудың амалын іздестіре білу керек.

Астрология ғылымы
Астрология ғылымы ©Айгүл Хожантаева

Адамдардың барлығы биіктен көрінуді ойлайды. Бірақ ешкім өз уақытын күткісі келмейді. Мұндай жағдайда ғаламшарлардың орналасуына қарап, астрологтар жол көрсете алады.

Жұлдызнама құрастыру үшін математиканың рөлі зор. Бұрынғы заманда астрология, астрономия және геометрия бір ғылым болып есептелген. Адамдар болашақты болжайтын астрология ғылымына қызығушылық танытқандықтан, қазір бөлек ғылым ретінде қарастырылады. Кезінде де патшалар қиын мәселе туындаса, астрологтардың көмегіне жүгініп отырған.

Жұлдызнама қалай құрылады?

Жұлдызнама құрастыру үшін, адамның қай жылы, қай айда, қай күні, сағат нешеде (әрбір минутының нақтылығы маңызды) және қай жерде туылғанын білу жеткілікті. Карта сәтті ашылған жағдайда, адамның күшті және әлсіз жақтарын бірден айтуға болады. Адамның туылу уақыты мен күні қателесіп жазылса, жұлдызнама дұрыс құрастырылмайды.

Аспан денелері бейнеленген арнайы күнтізбе бар. Оның көмегімен адамға арнайы жұлдызнама құрастырылады. Тұлға туралы маңызды ақпараттарды білу үшін натальді карта ашамыз. Содан кейін 1 айға немесе 1 жылға, клиенттің қалауына қарай, жұлдызнама құрастырылады. Онда ғаламшарлардың орналасуына байланысты “қай күні сәтті істер бастауға болады, қаржылай қысым бола ма, махаббат жолында кедергілер бар ма” деген секілді дүниелерді айтуға болады. Солярлі карта 1 жылға болжам жасайтын карта. Яғни, осы жылы жұмыс ауыстыру, жеке бизнесін ашу, отбасын құру, несие алу секілді мәселелер қарастырылады.

Астролог Катерина (Марга Прамода)
Астролог Катерина (Марга Прамода) ©Айгүл Хожантаева

Карталар мамандық таңдауға, қай салаға қабілетті екенін білуге, тығырықтан шығуға, өмірде өз орнын таппай жүргендерге жол сілтеуге көмектеседі.

Жұлдызнама құру кезінде ешқандай да шектеу қойылмайды. Карта барлық салаларды біріктіре отырып, болжам жасай алады. Бірақ әркімнің өмірі өзінің қолында екенін ұмытпаған дұрыс.

Қыздарды жиі мазалайтын сұрақ – жар таңдау мен тұрмысқа шығу мәселесі. Мұндай жағдайда олар жұлдыздардың көмегіне жүгінеді. “Қазір тұрмыс құруға сәтті уақыт па, әлде керісінше күте тұру керек пе, одан бөлек екі адамның жұлдызы бір-біріне сәйкес келе ме, отбасын құрған жағдайда, бірін-бірі толықтыра алады ма” деген сияқты мәселелер қарастырылады. Мұндай жұлдызнаманы “сенастрия” деп атайды.

Ғаламшарлардың атқаратын рөлі қандай?

  • Венера – махаббат (адамның киіну стилі, сезімін білдіру, нені ұнатады, адамдарға қарым-қатынасы, талғамы, және т.б) ғаламшары;
  • Меркурий – мансап құру (келісім-шартқа отыру, маңызды құжаттарға қол қою, бизнес ашу, несие алу, тұрмыстық техника сатып алу, және т.б) ғаламшары;
  • Марс – күш-қуат және эмоция (қозғалыс, күш жұмсау, яғни адамның әрекеттеріне жауап береді) ғаламшары;
  • Ай – адамның ішкі жан дүниесі;
  • Күн – жеке тұлға;
  • Юпитер – мақсат қоюға көмектесетін ғаламшар;
  • Сатурн – ойлануға мүміндік беретін ғаламшар (күн тәртібін дұрыс құру, ойыңды саралау, асығыс шешім қабылдамау, және т.б);

Бәріне тәтті өмір кешу бұйырмағанын ескеру керек

Адамға күніне белгілі мөлшерде күш қуат беріледі. Бірақ күшті қайда жұмсайтынын адамның өзі ғана біледі. Мысалы, адамға күніне бір қап ұн беріледі дейік. Біреулер одан тағам істеп ішеді, басқасы мүлдем қолданбайды, кейбіреулері бір қап ұнның барын да ұмытып кетуі мүмкін немесе ұн тышқандарға жем болады. Бәрі қожайынға байланысты. Күш те дәл осы секілді.

Адам өміріне әсер ететін факторлардың бірі – қоршаған орта және әлеуметтік орта. Қоршаған орта – ай тұтылғанда, толғанда, туғанда немесе күн батқанына байланысты да әсер етеді. Ал әлеуметтік орта – қандай отбасында туылды, ата-анасы бар ма, қаржылай қысым көрді ме, және т.б. Бұл факторлар адамның жан дүниесін толықтай тануға көмектеседі. Мұндай жағдайда адамдар екіге бөлінеді: біріншісі қиындықтарға төтеп беріп, соңында жетістікке жетеді; екіншісі өз бетімен ешнәрсеге қол жеткізе алмайтын түкке тұрғысыз адам. Бірақ барлығы тек қоршаған ортаға ғана байланысты емес. Мұнда аспан денелерінің орналасу тәртібіне де мән берген жөн.

Астролог Катерина (Марга Прамода)
Астролог Катерина (Марга Прамода) ©Айгүл Хожантаева

Әр адамның жан дүниесі әртүрлі. Біреулер ақыл тоқтатқан, өзіне не керегін нақты білетін болса, басқалары әлі жас және нәзік болуы мүмкін.

Адамдар өте қызыққұмар. Карта аштыру кезінде олар тек жақсы нәрсені ғана естігісі келіп тұрады. «Маған Жақсы нәрсе айтыңызшы» деп айтатындар өте көп. Бірақ бәріне бірдей тәтті өмір кешу бұйырмағанын да ескеру керек.

Жетістікке қол жеткізу үшін әрекет ету керек. Қазір шетелде оқып немесе жұмыс істеп келгендер көп. Біреуі оқуға шағымданса, бірі өмір сүру қиын болғанын айтып жатады. Себебі біреуінің сапары сәтті болса, екіншісінің керісінше жолы болмауы мүмкін. Мұнда тағы да сапарға шығу уақытының дұрыс таңдалмағаны, яғни сол кезде жұлдыздардың сәтті орналаспағаны себеп болады. Сапарының сәтсіз шыққанына өкінбеу керек. Себебі бұдан үлкен тәжірибе жинап келеді.

Астрологтың мақсаты – адамға мықты қасиеттерін тауып, дұрыс жол көрсету.

Ынтасы бар кез келген адам астролог бола алады. Бұл ғылымды толығымен зерттеп білу үшін ұзақ уақыт қажет. Астрологтардың бәрі аспан денелеріне деген қызығушылықтан жүрген жоқ. Бизнес көзі ретінде ақша тауып жүргендер көп.

Газет-журналдардың бетінде жазылған жұлдызнама – өтірік, күлкілі әңгіме. Оқысам шынымен де күлкім келеді. Ол жұлдызнамаларды сол баспаларда жұмыс істейтін адамдардың өзі ойдан құрастырады. Сондықтан оған аса мән беріп, сенудің қажеті жоқ. Жұлдызнама балаларға бөлек, ересектерге бөлек құрастырылатынын ескерген жөн.