Бір адамның бір айдағы жеке қаражатын қалай басқаратынын есептеп көрейік. Ақшасы есептелетін кейіпкердің есімі Азамат болсын. Ол мегаполисте тұрады, 150 мың теңге айлық алады. Онымен бірге демалыс күндері қосымша жұмыс істеп, айына тағы 50 мың табады. Сонда Азаматтың бір айдағы кірісі — 200 мың теңге.

Сайлау Абайділдановтың айтуынша, ақша ағымы «қаржы бұлағы» деп аталады. Бір адамда бірнеше қаржы бұлағы болуы мүмкін.

Азаматтың қаржы бұлағы — біреу. Оның қаржы бұлағы қаржы өзеніне құйғанда судың толымдығы 200 мың теңгеге жетеді. Қосымша жұмыстан түсетін кіріс өзгеріп отырады. Сондықтан толымдықтың да деңгейі бір көтеріліп, бір төмендейді. Бірақ 150 мыңнан түспейді. Қаржы өзені ағып отырып айдың соңында шығынға барады. Құмға сіңіп жоқ болады, — дейді қаржыгер.

Сайлау Абайділданов
Сайлау Абайділданов. Фото жеке архивінен

Азаматтың екі несиесі бар. Біреуіне ай сайын 40 мың теңге, екіншісіне 32 мың теңге төлейді. Пәтерақы мен коммунал қызметке және үйдің керек-жарағына ай сайын 30 мың теңге кетеді. Сырттан тамақ ішіп, қыдыруына бір айда орта есеппен тағы 30 мың жаратады екен. Өзінен кейінгі бауырларына да қаржылай жәрдем беріп тұрады. Оларға кірісінің 30 мың теңгесін салып жібереді. Достарына шұғыл қаржы қажет болып, 20 мың теңге қарыз берді. Тағы 20 мыңды жоспарланбаған шығын ретінде қарастырамыз. 40 мың+32 мың+30 мың+30 мың+30 мың +20 мың+20 мың=200 мың.

Адам қалай байи алады?

Азамат ай сайын тұрақты түрде 200 мың теңге табуы керек. Одан кем болып қалса, қарызға кіруі мүмкін немесе шығынның көлемін азайтуға тура келеді. Азаматтың шығынын есептегенде ол қай ақшаны қайда жұмсағанын әрең есіне түсіріп отырады. Диагнозы: ақшаның қайда кетіп жатқанына есеп бермейді. Енді Азаматты «емдейміз». Шығындарының ішінде пәтерге кеткен ақша — міндетті төлем. Несиені онсыз да төлеу керек. Қалғандары уақытша төлемге жатады. Ай сайын тапқанынынан келесі айға ештеңе қалмаса, ол ешқашан байымайды. Жағдайын қазіргіден де жақсарту үшін ол үздіксіз ақша жинап отыруы керек, — дейді Сайлау Абайділданов.

Қаржыгер 39 ай бойы ақша жинауға кеңес береді. Айлық кірісіне қарай айына 20 мыңнан бастап жинау керек. Азаматтың бұл сомадан үш есе артық ақшаны депозитке салып отыруға шамасы жетеді. Сонда 2 миллион 340 мың теңгенің басы құралады. Қаржыгердің «Байқуат» компаниясындағы бағдарлама бойынша 15%-пен жинаса, оған 660 мың теңге қосылады. Сонда Азаматтың жинағаны 3 миллион теңгеге жетеді. Бастысы — ақша жинауды дағдыға айналдыру.

Баюдан бұрын не маңызды?

Сайлау Абайділдановтың айтуынша, инвестиция жасау арқылы кірістің екінші қаржы бұлағы пайда болады.

Азамат біздің бағдарлама бойынша жылына 24% өсіммен инвестиция жасай алады. Сонда үш жыл бойы жинаған қаржы бір жылда 720 мың теңге кіріс алып келеді. Оны 12 айға бөлеміз. Осылайша бұрынғы қаржы бұлағына 60 мың теңге келетін екінші бұлақ қосылды. Қаржы өзенінің толымдығы 270 мыңға жетті, — дейді спикеріміз.

Қаржы кеңесшісі актив және пассив капитал арасында баланс ұстауға кеңес береді. Жинаған ақшаға баспана немесе автокөлік алынса, ол пассив капиталға кіреді. Ал ақшаны айналымға салса, ол актив капиталға жатады. Бірақ бар қаржыны түгелдей капиталдың біреуіне ғана салып тастауға болмайды.

Адамның жақсы өмір сүруі үшін үш нәрсе маңызды. Олар: денсаулық, рух және жеке қаражат. Қаржы сауаты бар азамат бұл үшеуінің маңызын осы ретпен қояды. Ал ақша басқаруды үйренбеген адам бірінші орынға қаржыны қояды. Денсаулығыңыз нашар, рухыңыз төмен болса, жеке қаражат ешқандай жақсылық әкелмейді, — дейді қаржыгер.