Билеуші шах Мұхамед Реза Пехлевидің жүргізген саясатына көңілі толмаған парсылар бір жыл бойы ереуілдеп, елдің экономикасын тұйыққа тіреген болатын. Шиіттердің қуғынға ұшырауы, халықтың қиын жағдайда өмір сүруі, сыртқы күштердің ықпалы негізгі себеп болып, Пехлевилер династиясы ақыры құлап тынады. Жаңа үкімет монархиядан бас тартып, елде референдум жүргізді де, 1979 жылдың 1 сәуірінде Иранды бірінші Ислам республикасы деп жариялады.
Шахтың отбасын Ираннан қуып шығып, билікті қолдарына алған шиіт дінбасылар жаңа Конституция қабылдап, мәдени революция бастады. «Азғын Батыс пен атеистердің ықпалынан құтылу үшін» деген желеудің нәтижесінде парсы қоғамының бет-бейнесі мүлдем өзгерді: елдегі жоғарғы оқу орындары 1980 жылы белгісіз уақытқа жабылып қалды; университеттерде сабақ берген профессорлар мен оқытушылар, Батыста білім алған зиялылар, студенттер қуғынға ұшырады; БАҚ тек бекітілген бағытта контент тарата бастады; бастауыш және орта мектептерде діни сабақтарға басымдық берілді; мешіттердің ықпалы күрт артып, әкімшілік міндеттерді атқара бастады; әйелдер игеруге болатын мамандықтар қатары шектеліп, көп әйел алу және уақытша некеде тұру заңдастырылды; «есірткі таратты», «сатқындық жасады», «тыңшы болды», «ойнас қылды» деген айыппен жүздеген адам қамауға алынды. Көптеген газет-журнал, театр, кинотеатр, батыс үлгісіндегі мейрамханалар жабылды. Кейбір көтеріліс басшылары Ислам революциясына дейінгі Иран өркениеті болмады деген үгіт-насихат жүргізді.
Біз келтіріп отырған төмендегі фотосуреттер осы Ислам революциясына дейінгі Иранның өмірін бейнелейді.