Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи мен Kawasaki мен Marubeni компаниясының өкілдерін қабылдады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, Жапония — Қазақстан үшін, соның ішінде Түркістан облысы үшін маңызды стратегия серіктесінің бірі.
Түркістан облысы мен Жапония арасында өзара тиімді өндіріс, сауда-экономика және инвестиция ынтымақтастығын арттыру үшін үлкен перспектива бар екеніне сенімдімін. Бірлескен жобаларды іске асыруға толық қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді ол.
Өмірзақ Шөкеев Түркістан өңірінің туризм және аграрлық саладағы жоғары әлеуетін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта жобаларды іске асыруға Қазақстан және Жапония компаниялары тартылуы мүмкін.
Kawasaki компаниясы Түркістан қаласындағы 50 мегаватт бу-газ электр станциясын салу үшін өз технологиясын ұсынды. Түркістан облысының әкімі Жапонияның өнімін жоғары бағалайтынын айтып, алдағы уақытта конкурстарға қатысуды ұсынды.