Президент Қазақстан нарығына жеткізілетін мұнайдың азайғанына алаңдаулы

Мемлекет басшысының айтуынша, отын-энергетика кешені Қазақстан экономикасында маңызды роль атқарады. Президент мұнай-газ саласын одан әрі дамытудың маңызын айтып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты міндетті қойды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты кен орындарына қатысты ауқымды жобаларды одан әрі жүзеге асыру қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қашағандағы мұнай өндіру деңгейін жүйелі негізде арттыру мақсатында Үкіметке Консорциумның мердігер компанияларымен бірлесіп, Қашаған кен орнын толық игерудің жол картасын келісуді тапсырды.

Президент еліміздің батысындағы кен орындарынан республиканың өзге өңіріне мұнай тасымалдау мәселесін де айтты. Ол «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырын салу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қазақстан нарығына жеткізілетін мұнайдың азайып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету негізінен Ақтөбе және Қызылорда облыстарының кен орындары есебінен жүзеге асырылып отыр. Осы жағдайды ескерсек, отандық мұнай өңдеу зауыттарында өңделетін мұнай көлемінің төмендеу қаупі бар. Ресурстарымызды барынша тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты ұсыныс енгізуі қажет, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ химия саласының дамуы экономиканы жаңғыртудың маңызды бағыты екенін айтты.

Мұнай-газ химия саласы экономиканың басқа салаларына мультипликатив ықпал етеді. Әлемде мұнай-газ химия саласындағы көмірсутек шикізатының қолданылу үлесі — 34%, ал Қазақстанда өте аз. Полипропилен мен полиэтилен өндіру жөніндегі жобалардың іске асырылуы жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімін орташа есеппен 1,5%-ке жеткізуге мүмкіндік берер еді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті газ саласын дамытудың басымдығын айтып, газ құбыры жүйесін дамыту ісінде жақсы нәтиже бар екенін айтты.

Елімізді газбен қамту деңгейі — 50%. Бұл — 9 миллион халық деген сөз. «Сарыарқа» магистраль газ құбыры құрылысының жобасын іске асыру нәтижесінде еліміздің қосымша 2,7 миллион халқы газбен қамтамасыз етіледі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Президент Қазақстандағы геологиялық барлау мәселесіне туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын күшейту арқылы минерал шикізат қорын сапалы толықтыру керек.

Біз осы саладағы заңнаманы жетілдірдік. Енді осы бағытта нақты қадамдар жасау керек. Үкіметке 2020 жылдың 1 наурызына дейін әлемдегі минерал-шикізат ресурстарына сұраныстың ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Мұнай сервисінің индустриясы — экономиканы әртараптандыру және өсу драйверлерінің бірі. Мемлекет басшысы осы мәселеде мұнай сервистерінен түсетін табыстың көмірсутегі экспорты табысынан асып түсетін Норвегияның тәжірибесін басшылыққа алуды ұсынды.

Мұнай мен газ өндіруді арттыра отырып, біз заманауи мұнай сервисі кластерін құруымыз керек. Мұнай сервисі отандық шағын және орта бизнесті дамытуға, өнімді жұмыс орындарын ашуға, қосымша құны жоғары өндірістерді оқшаулауға айтарлықтай серпін береді, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев экологияны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерінің маңызын да айтты. Президенттің айтуынша, жаңа технологияларды пайдалану және ескірген жабдықтарды жаңарту, мұнай мен газдың ағып кетуінің алдын алу қажет. Мемлекет басшысы бұл жұмыстар бойынша мұнай-газ компанияларының ақпараттық ашықтығын және олардың экологияға жауапкершілігін арттыру басты басымдыққа ие болатынын айтты.

Кеңейтілген кеңес барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов, «Лукойл» ААҚ Ресей мұнай-газ компаниясының президенті Вагит Алекперов, «Теңізшевройл», NCOC және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компанияларының басшылары баяндама жасады.