Қазақстан тағы 12 елдің азаматтарына визасыз режим ашты

Қазақстан тағы 12 елдің азаматтарына 30 күнге визасыз режим ашты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Саяси, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерге, Қазақстанның басқа мүдделеріне сүйене отырып, Қазақстанға визасыз кіретін елдердің тізімі артты. 45 мемлекеттің тізіміне қосымша 12 мемлекет енді. Олардың ішінде: Бахрейн, Ватикан, Вьетнам, Индонезия, Катар, Колумбия, Кувейт, Лихтенштейн, Оман, Сауд Арабиясы, Таиланд және Филиппин бар. Қаулыда осы елдердің азаматтарына Қазақстан Республикасында болу мерзімі мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап 30 күнтізбе күнінен аспайтын болса, оларға визасыз кіру және шығу құқығын беру қарастырылған, — Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, виза рәсімдерін жою шетел инвесторларының, бизнесмендерінің және туристердің  санын көбейтуге бағытталған.

Виза режимін жеңілдету Қазақстанда қолайлы инвестиция ахуалын қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақстан және жоғарыда аталған елдер халықаралық өзекті проблемаларды тиімді шешіп, тығыз үйлестіреді, — деді Айбек Смадияров.