Басты бетҚоғамАлмалының тұрғындары...

Алмалының тұрғындары жол-көлік қозғалысына жиі шағымданады

Алматы әкімнің әлеуметтік желілеріне Алмалы ауданының тұрғындарынан 2078 өтініш түскен. Олардың 2043-і орындалды, 35-і бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сұрақтардың көбі коммуналды шаруашылық пен абаттандыру жұмысы туралы болған.

Биыл 28 тамызда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуі өтіп, тұрғындар 91 сұрақ қойған еді. Бекқали Торғаевтың айтуынша, сауалдардың 28-і шешіліп, 46-ы түсіндірілген. Ал қалғаны бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Соның ішінде қоғамдық көлік желісінің бағытына қатысты мәселелер шешілді. Мысалы, Гагарин даңғылынан Төле би көшесіне дейін баратын №212 автобустың бағыты ұзарды. Тұрғындардың өтініші бойынша Петр Чайковский көшесінің бойына тротуар салып, жаяу жүргіншілр мәселесін шештік. Багаутдин Шагабутдинов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысына да жаяу жүргіншілер жолы салынды. Иван Панфилов көшесінің бойына көлік қоюға болмайтынын білдіретін арнайы белгілер қойылды. Ал Құрманғазы көшесінің жиегіне мүгедектігі бар жандарға көлік қоюға рұқсат етілді, — деді Бекқали Торғаев.

Аудан аумағында 861 аула бар. 2016-2018 жылдар аралығында 291 аула жөнделген.  Биыл 215 аула күрделі жөнделіп жатыр.

Аудан әкімі жеке инвестиция есебінен 9 аумақ абаттандырылып, онда балалар мен спорт алаңдары бой көтергенін айтты. Ауданда көлемі 5660 шаршы метр болатын гүлзар отырғызылды.

15 мың ағашты санитар жолмен қиюды жоспарлағанбыз. Қазір соның 11,5 мыңы қиылды. Қауіп тудырады деген 160 ағаш алынып тасталды. Көктемде 1245 ағаш отырғызылған еді, — деді Бекқали Торғаев.