Ольга Рыпаковаға Бейжіңнен алған қола жүлдесі үшін сыйақы берілмеуі мүмкін

Осы уақытқа дейін бірнеше жылдан кейін табысталған жүлдеге қатысты сыйақы тағайындау — отандық тәжірибеде болып көрмеген жағдай. Сәйкесінше билік осы мәселеге байланысты құжат қарастырмаған.

ҚР МСМ спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы Бахытбек Хамит: «Сыйақы спортшының ынталандыру мақсатында беріледі. Басқа мақсат жоқ. Барлығымыз білетіндей, спортшыларды ынталандыру арқылы басқа да азаматтарды спортпен айналысуға үгіттейміз. Негізгі миссия — осы» дейді.

— Келесі жылы Лондонда жеңіл атлетикадан өтетін әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Жарыс менің сүйікті, маған сәтті қала Лондонда өтетін болғандықтан да барымды сала дайындаламын. Келесі Олимпиадаға қатысуды қатты қалаймын. Сол мақсатыма жетуге тырысамын, — дейді үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы, Рио-2016 Олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Рыпакова.

Еске сала кетейік, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдесі Ольга Рыпаковаға допинг дауынан кейін тағайындалды. Алайда медальді табысау туралы ресми хат келіп түспеді.

Дереккөзastanatv.kz