Бақытжан Сағынтаев Алматының зиялы қауымымен кездесті

Кездесуде әдебиеттің, театр мен киноның жас ұрпақты тәрбиелеудегі ролі және шығармашылықтың қаланың мәдени, рухани өміріндегі орны туралы сөз болды.

Бақытжан Сағынтаев, Тұңғышбай Жаманқұлов
Бақытжан Сағынтаев пен Тұңғышбай Жаманқұлов. Фото: Almaty.gov.kz

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ғылыммен және шығармашылықпен айналысатын зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Қала әкімімен кездесуге жазушы Софы Сматаев, академик Серік Қирабаев, актер Тұңғышбай Жаманқұлов, ақын Иран-Ғайып Оразбаев қатысты. Олар заманауи әдебиеттің қазіргі жағдайы, қазақстандық жазушылардың әдеби мұраларын ғылыми тұрғыда зерттеу, театр өнерін дамыту мәселелерін көтерді.

Жазушылар одағында Бақытжан Сағынтаев қолдау шаралары туралы айтқан еді. Оның тапсырмасы бойынша Жазушылар үйі жөнделеді, қалыптасқан және жас жазушылар үшін арнайы гранттар бекітіледі.

Қала әкімінің бастамасы бойынша әдеби байқау, Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақаласы аясында үздік сценарий байқауы ұйымдастырылады. Жеңімпаздар өздерінің шығармашылық идеяларын қала театрларының сахналарында көрсете алады. Бұған қоса, аудандарда жастар демалысының орталығына айналатын жаңа форматтағы кітапханалар ашылады.