— Бөгенбай, қазір Қазақстанда онлайн оқыту қаншалықты актуал? Daryn.online сияқты жобалар қазақ аудиториясына бейімделе ала ма?

— Қазірдің өзінде онлайн курстарға сұраныс жоқ емес. Ата-ана баласына репетитор іздеп, қосымша курсқа апарады. Өйткені оқушы мектеп бағдарламасындағы барлық тақырыпты, материалды жүйелі меңгере алмайды.

Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда таксиді онлайн шақыру мүмкін еместей көрінген. Ал қазір жағдай  мүлдем өзгерді. Көбі таксиді смартфонмен шақырады. Дәл сол сияқты онлайн оқуға да Қазақстан азаматтары біртіндеп бейімделеді деп ойлаймын.

Жобаны бастамай тұрып Қазақстандағы білім беру жүйесін зерттеп, мемлекет стандартына сай пәндер бойынша жоспар құрдық. Оқушының бар зейіні сабақта болуы үшін видеосабақ кезінде оған минут сайын түрлі сұрақ қойылады. Сабақтан соң оқушы 10 сұрақтан тұратын тестке жауап береді. Әр дұрыс жауап «дарын бонусымен» бағаланады.

Серікбай Бөгенбай
Серікбай Бөгенбай. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Мұндай оқу жүйесі кімге тиімді?

— Онлайн оқу жүйесі ауыл оқушысы үшін тиімді деуге болады. Өйткені ауыл мектептерінде кадр проблемасы сезіледі. Географиядан cабақ беретін мұғалім оқушыны химиядан да оқытса, таңдануға болмайды. Мұндай кезде бала сапалы білім ала алмайды. Сол себепті оқушыға өз пәнін жетік білетін мұғалімнің сабағын тыңдау, тақырыпты қызығып оқу маңызды. Daryn.online платформасындағы видеосабақты Қазақстанның кез келген оқушысы көре алады.

Ауылда тұратындар түгілі, қаладағы ата-ана баласын қосымша сабаққа бере алмауы мүмкін. Өйткені репетитордың бір сағат сабағы 2000 теңгеден кем емес. Ал Daryn.online-нан сол ақшаға бір ай видеосабақ көріп, өз бетінше оқуына болады.

Платформаға кез келген оқушы тіркеле алады. Оқушы өзі туралы барлық деректі енгізеді. Ол содан кейін өзіне қажет сабақты таңдайды. Платформада жүйелі сабақ кестесі шығады. Алғашқы сабақты барлығы тегін көреді. Өзіне ұнаса, бір айға 2000 теңге төлеп, жазылады. Оқушы видеосабақты бірінен кейін бірін көріп кетпеуі үшін соңында түрлі тапсырманы орындайды. Соңында келесі дәріске өте алады.

Daryn.online платформасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Білім және ғылым министрлігі тарапынан онлайн курстардың оқу бағдарламасына талап бар ма?

— Онлайн білім беруге Білім және ғылым министрлігінің тарапынан ешқандай шектеу қойылмаған. Бірақ әр кластың пәндерінде бекітілген тақырып пен материал бар. Бұл тақырыптарды оқушы мектеп бағдарламасы бойынша міндетті түрде меңгеруі қажет. Daryn.online платформасындағы видеосабақтарды дайындағанда тақырыптардың мектеп бағдарламасына сай болуына мән бердік.

— Видеосабақтың ұзақтығы 5 минуттан аспайтынын және аз уақыттың ішінде оқушыға тақырыпты түсіндіруге болатынын айтқан екенсіздер. Бұл әдісті қандай тәжірибеге сүйеніп енгіздіңіздер?

— Онлайн платформа болған соң мектептегідей сабаққа кімнің келіп-келмегенін тексермейміз. Оқушыдан үй тапсырмасын сұрап, олардың дәптерін ауыстырмаймыз немесе кластың басқа проблемаларын талқылап, баламен тәрбие туралы сөйлеспейміз. Ал мектеп мұғалімдері сабаққа бөлінген уақыттың көбін осындай жұмыстармен өткізеді. Уақыт жетсе, жаңа тақырып өтеді. Сол себепті 5 минутта кез келген тақырыпты балаға түсіндіруге болады.

Ресей және Украинаның педагог-новаторы Виктор Шаталов оқушыны 11 жыл емес, 8 жыл оқыту туралы ұсыныс айтқан. Өзім репититор болып жұмыс істеп жүргенде балаға тақырыпты жылдам түсіндіруге тырысатынмын. Сабақты түсіндіріп болған соң оқушыға түрлі тапсырма беремін. Бұл әдіс оқушыларға да ұнады.

Серікбай Бөгенбай
Серікбай Бөгенбай. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Мұғалімдерді қалай таңдап аласыздар? Қандай талаптар бойынша іріктеледі?

— Daryn.online жобасымен бірге «Нар» офлайн орталығы да жұмыс істейді. Бұл орталықта 11-сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындаймыз. Мұнда тек студенттер сабақ береді. Өйткені олар ҰБТ-ны тапсырған, оқушы тестке дайындық кезінде не сезеді, қалай дайындалу керек — бәрін біледі. Өйткені өзі сол кезеңнен өтті. Cтуденттер арасында конкурс өткізгенде 200-ден астам үміткер жобаға өтініш берді. Оның 15-і орталықта жұмыс істейді. Оларды да Daryn.online командасына қостық.

— Интернеті нашар жұмыс істейтін немесе мүлдем жоқ жерде оқитын балалар онлайн сабақты қалай пайдаланады?

— Қазір Қазақстанда 5G интернет желісін енгізуге кірісіп жатыр. Қазақстан АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария және Эстониямен бірге жаңа желіні енгізуді пилоттауға көшкен әлем елдерінің ондығына кіреді. 5G байланыс желісімен адамдарының саны 50 мыңнан асатын барлық елді мекен қамтылады деген жоспар бар. Сол уақытта біздің жоба туралы көбірек біледі деп ойлаймын.

— Платформаның жұмысын жақсарту үшін қосымша өзгеріс енгізу ойда бар ма?

— Жаңа технологияны пайдаланып, платформаның жұмысын одан әрі жақсартуға күш саламыз. Daryn.online-дағы қазіргі формат бойынша мұғалім сабақты тақта мен түрлі түсті борды пайдаланып түсіндіреді. Бір тақырыпты бірнеше форматта жеткізу жоспарымызда бар. Оның ішінде анимация, презентация арқылы оқыту әдістері болады. Бала форматты, мұғалімді өзі таңдайды. Оған қоса, 1-11-класқа дейінгі барлық пәнді енгіземіз.

— Әңгімеңізге рақмет!