Жобаның барлық кезеңіне бизнес тренерлер, кәсіпкерлер, сарапшылар шақырылады. Оқу ұзақтығы мамандық түріне қарай 1-3 ай аралығында болады. Жобаға қатысушылар маникюр, педикюр, шаш, мейкап, шугаринг пен массаж жасауды үйрететін бьюти индустрияны; аспаз, кондитер, кулинария, шоколатье бағытында оқытатын фудиндустрияны; графика дизайны, копирайтинг, SMM менеджментін меңгертетін IT индустрия бағытындағы мамандықтарды оқып шығады.
Жобаны «Жас кәсіпкерлер кеңесі» қоғамдық ұйымы бастаған. Ұйым төрайымы Айнұр Әмірханның айтуынша, жобаның мақсаты — үйде отырған әйелдерге кәсіби маман сияқты қомақты қаржы табуға мүмкіндік беру.
Жобаға қатысатын кез келген әйел өзінің ас пісіру, іс тігу, қолөнер бұйымдарын жасау сияқты қабілеттерін ұштайды. Фрилансер ретінде еңбек етіп, ай сайын 200-300 мың теңге пайда табуына болады. 505 мың теңге көлемінде грант алатын мүмкіндігі де бар. Жоба мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Нұр-Сұлтан әкімдігі бізге үлкен қолдау білдіріп отыр, — деді Айнұр Әмірхан.
Оның айтуынша, грант иегерлерінің санына шектеу жоқ.
Әуелі өтініштерді қабылдап, әңгімелесіп көреміз. Екінші кезең бойынша қатысушының қабілеті мен мүмкіндігін білу үшін коучинг сессия өткіземіз. Үшінші кезеңде теория тренингтері ұйымдастырылады. Бұдан әрі мамандығы бойынша білім алған әйелдің кәсібін бастап кетуіне көмек беріледі, — деді Айнұр Әмірхан.