Басшылық қызметтегі соңғы ауыс-түйіс

Ерлан Қошанов Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

Ерлан Жақанұлы Қошанов Қарағанды облысы әкімі қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалсын, — делінген хабарламада.

Ерлан Қошанов 57 жаста. Ол 1962 жылы 14 сәуірде Жезқазған облысы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. 2007-2012 жылдар аралығында премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары — Мәжілістегі, Парламенттегі Үкіметтің өкіл қызметін атқарған. 2012 жылдан бастап ҚР премьер-министрі кеңсесінің басшысы болған. 2017 жылдың 14 наурызынан бастап Қарағанды облысының әкімі болды.

Қырымбек Көшербаев Әкімшілік басшысы қызметінде 82 күн болып, мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалды.

Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметінен босатылсын, — делінген Жарлықта.

Қырымбек Көшербаев 1955 жылдың 20 мамырында Қызылорда облысында дүниеге келді. Ол премьер-министрдің орынбасары, баспасөз хатшысы және Президенттің баспасөз қызметінің жетекшісі болып қызмет атқарған. Одан бөлек, Қырымбек Көшербаев білім, мәдениет және денсаулық министрі, білім және ғылым министрі болды.

Бұған дейін мемлекеттік хатшы болған Марат Тәжин қызметінен босатылды.

Мемлекет Басшысының жарлығымен Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин басқа жұмысқа ауысуына байланысты мемлекеттік хатшы қызметінен босатылды, — делінген хабарламада.

Марат Тәжин 24 наурызда мемлекеттік хатшы болып Бақытжан Сағынтаевтың орнына тағайындалған.  Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин 1960 жылы 8 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол — әлеуметтану ғылымдарының докторы. Марат Тәжин мұның алдында дв мемлекеттік хатшы қызметінде болған (2013 жылдың 16 қаңтарынан бастап 2014 жылдың 21 қаңтарына дейін).

Роман Скляр премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ол 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінге дейін Инвестициялар және даму вице-министрі қызметін атқарды.

Роман Скляр әр жылдары Павлодар мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы, аппарат басшысы, Павлодар әкімінің орынбасары, Астанадағы энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары, көлік және коммуникация вице-министрі, ҚТЖ вице-президенті, ұлттық экономика вице-министрі, инвестициялар және даму вице-министрі болып жұмыс істеді.

Бейбіт Атамқұлов индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалды.

Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметінен босатылсын, — делінген Жарлықта.

2018 жылы 26 желтоқсанда Бейбіт Атамқұлов ҚР сыртқы істер министрі болып тағайындалған еді.

Ол 2006 жылдан бастап дипломатиялық қызметте жұмыс істеді. Қазақстанның Германиядағы бас консулы, Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болды.

Мұхтар Тілеуберді ҚР сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылсын, — делінген Жарлықта.

Осыған дейін ол Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-министр Кеңсесінің басшысы болып тағайындалды.

Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы болып тағайындалсын, — делінген Жарлықта.

Бұған дейінгі лауазымға ол 2019 жылы 26 наурызда тағайындалған еді. Ғалымжан Қойшыбаев бұрындары Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. 1995-1997 жылдары-атташе, үшінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің кеңесші-уәкілі, 2004 жылы ҰҚШҰ жанындағы Қазақстанның өкілетті өкілі, 2004-2006 — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы, 2006-2008 — СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды.

2008-2012-Қазақстанның Литвадағы Елшісі, Қазақстанның Латвиядағы, Эстониядағы және Финляндиядағы елшісі қызметін қоса атқарды. 2012-2016 — Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі, Қазақстанның Эстониядағы елшісі қызметін қоса атқарды.

2016-2019 — Сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар.

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Ахметова Ақерке Естайқызы әділет вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ақерке Ахметова еңбек жолын 1991 жылы бастаған. Түрлі жылда коммерциялық салада жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап ҚР Әділет министрлігінің құрылымында жұмыс істеді. Бас маман, халықаралық келісімшарттар жобаларын сараптау бөлімінің басшысы, Департамент директорының орынбасары қызметтерін атқарған.

2015-2017 жылдары -ҚР Әділет министрлігінің Халықаралық құқық және ынтымақтастық департаментінің директоры болды. 2018 жылғы наурыздан қазіргі таңға дейін Әділет министрлігінің Мемлекеттік мүлік құқығын қорғау департаментінің директоры лауазымын атқарған.