Шымкентте «Жастар ұйымдарының нетуоркингі және тәжірибе алмасуы» жобасы аясында ұйымдастырылған екікүндік ауқымды шара аяқталды. Жобаны Bolashaq қауымдастығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырды.

«Жастар ұйымдарының нетуоркингі және тәжірибе алмасуы» жобасы елімізде алғаш рет Нұр-Сұлтанда басталып, Оралда, Алматыда өтті. Шара Шымкентте жалғасып, оңтүстік өңірдегі белсенді жастардың басын қосты. Нетуоркингке Шымкенттен және Қызылордадан, Түркістан, Жамбыл облыстарынан 200-ден астам жас жиналды.

Жиынға Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов пен Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова қатысты.

Ерлан Айтаханов
Ерлан Айтаханов. Фото: «Аль-Фараби Партнерс»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық сектордың белсенділігін арттыруға баса назар аудару керек екені айтылды. Бұл ретте жастар белсенді болуы қажет. XXI ғасырда бәсекеге қабілетті болу үшін жастарымыз креатив, білімді болса, ел болашағы жарқын болары сөзсіз. Сол себепті бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі өте жоғары, — деді Шымкент әкімі.

Жастар жиынында 10-нан астам спикер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар ресурстық орталықтарының өкілі мен жас кәсіпкерлер үшін тренинг, шеберлік сабақтары, семинарлар өткізіп, диалог алаңын құрды.

Нетуоркинг – жастардың дамуына, олардың алға ұмтылып, белсенді қызмет істеуіне үлкен септігін тигізеді. Бүгін оңтүстік жастары ортақ жобаларды ойластырып, бірлесе атқаратын жұмыстарды талқылады. Осындай жиынның арқасында жастардың жұмысқа деген ынтасы артып, жаңа идеялар туады. Осыған мүмкіндік жасап, жастардың тәжірибе алмасуына жол ашқан Bolashaq Қауымдастығына ерекше алғыс айтқым келеді, — деді Шымкент жастар ресурстық орталығы маманы Нұрбек Әбділда.

Нетуоркингке Bolashaq қауымдастығының мүшесі, Strategic Government Consulting ЖСШ құрылтайшысы Нұрлан Өтешов, жас кәсікер, Salem Coffee&Tea негізін қалаушы Аят Азимов келіп, жастармен тәжірибе алмасты. «Арнау» даму орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, блогер Ұлан Әбішов «Жастарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру» атты семинар өткізді. Ол жобаларды жүзеге асыру үшін қажет ақпарат айтып, әлеуметтік желімен жұмыс істеудің маңызын түсіндірді.

Шара соңында Bolashaq қауымдастығы «Жастар ұйымдарының нетуоркингі және тәжірибе алмасуы» жобасына қатысқан жастардың барлығына арнайы сертификат табыстады.

 «Жастар ұйымдарының нетуоркингі және тәжірибе алмасуы» жобасы енді Павлодарда жалғасады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!