Ерлан Айтаханов Шымкент әкімі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының жарлығымен Ерлан Айтаханов Шымкент әкімі болып тағайындалды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен кетті.

Мемлекет басшысының жарлығымен Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент әкімі қызметінен босатылды, — делінген Президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ақорданың сайтында Ерлан Айтахановты Шымкент әкімі қызметіне тағайындау туралы жарлық та жарияланды.

Ерлан Қуанышұлы Айтаханов Шымкент әкімі болып тағайындалсын, — делінген құжатта.

Ерлан Айтаханов 1971 жылы 10 желтоқсанында қазіргі Түркістан облысында туған. 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік құқықтану академиясын бітірген.

1994-2012 жылдары банктерде, ұлттық компаниялар мен жеке коммерция ұйымдарында қызмет етті. ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде, Бәсекелестікті қорғау және табиғи монополиялар агенттігінде, осы агенттіктің Алматы департаментінде, Алматының тарифтер жөніндегі басқармасында, Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінде, комитеттің Ақмола облысы бойынша басқармасында лауазымдарды иеленді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.

Шымкентке әкім болып тағайындалғанға дейін Түркістан облысының Отырар ауданын басқарды.