Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысында екі ел арасындағы өзара сенім мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген тату көршілік қарым-қатынастардың қалыптасу тарихын атап өтті.
Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы аса ірі серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлелі – елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4% артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Біз бүгінгі Іскерлік кеңестің 6-отырысын екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестіктің зор потенциалын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды шара деп есептейміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық ахуалын мейлінше қолайлы етуге бар күш-жігерін жұмылдырып отырғанын айтты.
Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингі бойынша Қазақстан әлемдегі 190 мемлекеттің ішінде 28-ші болып, алғашқы отыздыққа кірді. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің экономикасына 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қытай бизнесмендерін «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржы бойынша іс-қимылдарын белсенді пайдалануға шақырды. Оның осы аймақтағы бірегей институт екенін және қазірдің өзінде Қаржы орталығына 250-ден астам компания тіркелгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы көлік дәлізін құруға және дамытуға зор мүмкіндіктер беріп отырғанына назар аударды.
Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, Таяу Шығыспен байланыстыратын бес теміржол және алты халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. Теңіз жолы арқылы екі-үш есе көп уақыт жұмсалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасымен үндеседі. Мемлекет басшысы ортақ күш-жігеріміздің арқасында Ұлы Жібек жолын жандандырып, қалпына келтіре аламыз деген сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның инновация мен заманауи технологияға негізделген жаңа экономиканы дамытуға баса мән беріп отырғанын да атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін жоғары технологиялық өндірістердің, 4.0 Индустриясының стратегиялық мән-маңызы айрықша екенін айтты.
Президенттің пікірінше, бұл саладағы екіжақты кездесулер, соңғы жылдары Қытайдың жаңа технологияларды дамыту және енгізу жөнінен бүкіл әлем мойындаған көшбасшы елге айналуымен де маңызды.
Біз қытай компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар мен ІТ-орталықтар құруға мүдделіміз. Нұр-Сұлтанда Astana Hub ІТ-стартаптарының халықаралық технопаркі ашылды. Мұнда Big DATA, интернет заттар, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және суперкомпьютерлер бағыттары бойынша әзірлемелер қарқынды дамып жатыр. Бұл технопарктің жұмысына қатысушылар үшін жеңілдетілген виза, еңбек және салық режимдері қарастырылған, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор салаларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай нарығының ауқымы үлкен екенін және еліміз үшін осы экспорт бағыты бойынша зор мүмкіндік ашылатынын айтты.
Баршаңызға мәлім, Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Бидай экспортының көлемін 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Қазақстан тұзын халықаралық нарықтарға экспорттау көлемі артып келеді. Біз Қытайға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Қытай нарығына сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, майлы дақылдар да жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, қытайлық инвесторларды серіктес болуға шақырды.
Соңында Президент Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесін дамыту ісінде маңызды роль атқаратын екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту үшін берік негіз қаланғанына сенім білдірді.
Пленарлық мәжіліс барысында CITIC Group корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің Қытай тарапынан тең төрағасы Чан Чжэньмин, «Самұрық Қазына» АҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің Қазақстан тарапынан тең төрағасы Ахметжан Есімов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі.
Шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері Қытай бизнесмендерімен бірқатар коммерциялық келісімге қол қойды.