Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай коммунистік партиясының өкілімен кездесті

Кездесуде ҚР Президенті Ян Цзечи мырзаны бұрыннан білетінін, оның Қытай коммунистік партиясының сыртқы істер министрі лауазымындағы табысты қызметімен бұған дейін де жіті таныс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл сапардың Қазақстан үшін өте маңызды екенін де айтты.

Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз. Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз. Экономика ынтымақтастығына келер болсақ, оның стратегиялық сипаты бар. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Төраға Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластар одан әрі дами береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ян Цзечи Қасым-Жомарт Тоқаевты биылғы маусымда Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады. Оның айтуынша, сайлаудағы жеңіс – Қазақстан халқының жоғары сенімінің көрсеткіші. Ян Цзечи Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікке тың серпін беретінін мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары кезінде Пекинде өтетін Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуына қатысады. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқуы жоспарланған. Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен және Қытайдың бірқатар саяси және іскерлік тобымен келіссөз өткізеді.

Қазақстан Президенті Ханчжоуға да барып, инновациялық өнімдерді әлем нарығына шығару бойынша көшбасшы Hikvision компаниясының жұмысымен танысады. Бағдарлама бойынша Alibaba компаниясының кеңсесіне де барып, Джек Мамен кездеседі.