Астанада қолжетімді баспана инвестиция есебінен жүзеге асырылмақ

Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға арналған қала активінің жиынында мәлімдеді.

Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, елордада жуырда тағы бір тұрғын үй салу комбинаты жұмысын бастады. Алтай Көлгінов қолжетімді баспананың басты сегменгті ретінде осы комбинатты қарастырып отырғанын айтты.

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй кезегіне тұрушылар саны жыл сайын артып келеді. Биыл жаздың басында 46 мың астаналық үй кезегінде тұрса, қыркүйекте бұл көрсеткіш 47,5 мыңға жетіп отыр. Осыған орай келесі жылдан бастап қолжетімді баспана бойынша салынатын тұрғын үйлердің көлемі үш есе артады. Қазір дайындық басталды, — деді Алтай Көлгінов.

Қала басшысының айтуынша, үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету — бірінші кезектегі мәселе.