«Оркестрлер фестивалі» — қала күнін тойлау аясында өтетін дәстүрлі өнер шарасы. Алматы әкімдігінің мәдениет басқармасының мәліметінше, фестивальде классика және халық әуендері шырқалды. Фестиваль 4-5 қыркүйекте өтті.
Фестивальдің алғашқы күнінде Дәулеткерейдің, Құрманғазының, Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары мен өзге де халық әуендері ойналды. Екінші күні Александр Зацепиннің Алматыға арналған «Гүл Алматым», Ақан серінің «Балқадишасы» орындалды. Оркестрлер Виктор Цой мен «Кино» тобының, Стинг, Queen группасы мен «8 миль», «Кариб теңізіндегі қарақшылар», «Титаник», «Өкіл әке» және тағы басқа фильмдердің саундтрегін шырқады. Оркестрлер кішкентай тыңдармандарға да арнап шығармалар дайындаған. Балалар «Арыстан патша», «Аладдин», «Русалочка», «Мадагаскар» сияқты мультфильмдерің композициясын тыңдады.
Көрермен кеште Александр Беляков жетекшілік ететін Алматы әкімінің эстрада-симфониялы оркестрі мен Абылай Тілепберген дирижерлық ететін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады.