Психологтың айтуынша, адамның пайдаға аспайтын дүниені жинауы бала кезде алған соққыға тікелей байланысты.

Адамның белгілі бір затты меншіктенуі, оны ешкімге бермей, жинауы бала кезінде болған психологиялық соққыға немесе генетикаға байланысты болуы мүмкін. Мысалы, адам бала кезде өзіне қымбат жаннан айырылса немесе ата-анасының сүйіспеншілігін көрмей өссе, сол нәрсенің орнын басқа затпен алмастырады, түнде ойыншығын құшақтап жатады. Ал проблема генетика жағынан болса, керексіз зат жинауға әуестік ата-бабасынан берілуі мүмкін, — дейді маман.

Мүлік жинаудың арғы жағында адамның белгілі бір дағдарыс кезеңінен өтуі тұр.

«Бұл затты болашақта қолданамын», «мұның керегі болады» дейтін адам кейін өзінің ғана емес, бәріне ортақ кез келген дүниені жинайды. Осылай темір-терсек, киім, қағаз, сынып қалған орындық сияқты заттарды жинай беретін жағдайға жетеді, — дейді психолог.

Шетелде керексіз нәрсені үйіне жинайтын адамды телебағдарламаға шақырып, заттарын түсіріп жатады. Динара Болаттың айтуынша, Қазақстанда силлогомания дәл мұндай деңгейге жете қойған жоқ.

Бұл нәрсе біздің қоғамда АҚШ пен Еуропадағыдай патология деңгейінде емес. Бірақ қажет емес затты жинау қанымызда бар. Мұны ашаршылықты көргеннен, жоқшылықта өскеннен туған әдет деп есептеймін. Қуанышымызға орай, қазір оқимын, ізденемін, өзгеріп, дамимын деген адам да, оларға қажет құрал да көп. Өркениетті, дамыған елдерде адамда бүгін пайдаға асатын, игілікке жарайтын, сапалы дүниелер ғана болады. Елімізде кереғар тенденция бар. Пайдалы, сапалы болмаса да, заттарды қатарымыздан қалмау мақсатында қымбатқа болса да, сатып аламыз, мақтанғанды жанымыз сүйеді. Болашақта біз де дамыған, өркениетті елдер сияқты саннан сапаға көшеміз деп ойлаймын, — дейді Динара Болат.

Маманның айтуынша, көп адам бұл әдетті психология жарақатынан пайда болады деп ойламайды.

Дәл осындай әдеті бар пациент менің практикамда болған жоқ. Себебі көбі мұндай әдетке мән бермейді. Бірақ ескі заттарды, қалдықтарды жинайтын көп адамды білемін. Егер жақын адамыңыздан мұндай әдетті байқасаңыз, өзіңіз керексіз дүниені жинамай, үлгі болыңыз. Ол сізге жақын адам болса, ашылып, сөйлесіп көріңіз. Керексіз зат пен ескі-құсқыны жинайтын болса, психологтың көмегіне жүгінгені дұрыс, — дейді ол.