МыАлматы, БізАлматымыз, WeAlmatyМатериал Еуропа одағының қаржылай қолдауымен Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, “Алматыны дамыту орталығы” АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан “БізАлматы” жобасы аясында әзірленді.

Қалдықсыз тұрмыс салты қалай басталды?

Былтыр күзде теледидардан Гана Республикасының астанасы Аккрадағы үйілген қоқыс туралы бағдарлама көрдім. Қоқысты көшеде өртеп жатты. Бұл көрініс маған қатты әсер етті. Жылауға дейін бардым. Біраз уақыт көз алдымнан кетпеді. Есіме алсам, денем тітіркенеді. Қазірдің өзінде айтуға ауызым бармай отыр. Бұл проблеманы болдырмаудың жолдарын ойлай бастадым. Соңында құр уайымдағаннан көмектесе алмайтынымды және тек қимылдау керек екенін түсіндім. Ең алдымен өзімнен бастау керек. Бұған дейін құрбым екеуміз үйдегі қоқысты сұрыптап, қажет жерге апарып жүрдік. Бұл ісіміз ұзаққа бармай, бір аймен шектелді. Үйде жинап, оны басқа жаққа апару қолайсыз болды. Бірақ былтыр күзде қайтадан іске кірісіп кеттім.

Әлемді өзгертуге деген ниетім мені тоқтата алмады. Ол ыңғайлы ма, жоқ па, біреу қолдай ма, қолдамай ма – маған бәрі бір болды.

Бұл жолы да қалдықтарды үйден сұрыптай бастадым. Басында қоқысты дұрыс айыруды білмедім. Интернеттен қарап, үйреніп алдым. Сөйтіп жарты жылдай өзім жинап, қабылдау пункттеріне апарып жүрдім. Бірде күніне қанша қоқыс шығатынын есептеп, одан мүлде арылу қажет екенін түсіндім. Сөйтіп бірте-бірте Zero Waste қағидасын ұстану, яғни ешқандай қалдық қалдырмау керек деген шешімге келдім.

Бану-Ақкүміс Құспанова
Бану-Ақкүміс Құспанова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Экосенбілікті бірнеше айда ондаған адам қолдады

Кейін үйімнің айналасындағы қоқысты жинап, сұрыптап, әдеттегі қоқыс лақтыратын контейнерге салып жүрдім. Ойлап қарасам, контейнерге тасталған қоқыс полигонға төгіліп, жылдар бойы жерде жатады. Ол – табиғатқа зиян. Сыртта жатқан қоқысты үйге апарып, тағы сұрыптай алмаймын ғой. Сондықтан экосенбілік ұйымдастыру ойыма келді. Өз үйімнің тұрғындарының чатына, әлеуметтік желідегі достарыма хабарлама жіберіп, таныстарыма айттым. Бұл идеяма 1-2 көршім қызығып, соның біреуі жұма күні “Ертең экосенбілікке шығамыз ба?” – деп жазды. Сөйтіп сенбіде көршім мен оның екі баласы бар, төртеуіміз экосенбілікке шықтық. Жиналған қоқысты апаратын қабылдау пунктін табу жағынан қиналсақ та, қуанышымызда шек болмады. Атқарылған іс туралы әлеуметтік желіге, чатқа жазып, бөлістім. Олар келесі сенбілікке міндетті түрде қатысатынын айтты. Келесі аптада экосенбілікке 10 адам жиналды. Сол күні кешке ЭкоWorld қоқыс қабылдау пункті бізге контейнер орнатып берді.

Әр экосенбілік сайын қатарымыз көбейе бастады. Экобелсенді Михаил Беляков та бізге қосылды. Ол маған экосенбілікке байланысты чат ашу туралы ұсыныс тастады. Қазір чатта 100-ден астам адам бар. Дүниежүзілік тазалық күніне арналған акцияға бізден 150 адам қатысты. Еріктілердің жасы әртүрлі. Мектеп жасындағылардан бастап 50-дегі азаматтарға дейін бар.

Алматыда қоқыс қабылдайтын орындар көбейіп келеді

Жиналған қоқысты сұрыптап, ЭкоWorld, Kazakhstan Waste Recycling, “Таза қала” қабылдау-өңдеу ұйымдарына тапсырамыз. Олар біздің қозғалысымыздан кейін қоқыс қабылдау пункттерін көбейтті. 12 қаңтарда кезекті экосенбілікпен қоса сенбілікке келе алмаған адамдар арасында “Бөлек жинау” акциясы ұйымдастырылды. Оның аясында адамдар өздеріне жақын аумақтағы қоқысты жинап, бізге тапсырды. Біз акция барысында қоқысты сұрыптап, Kazakhstan Waste Recycling кәсіпорнына өңдеуге жібереміз. Олар барлық қоқыс түрін қабылдай бермейді. Қоқыстың өңдеуге келетін, келмейтін түрлері бар. Ол пластиктің түрі мен маркасына байланысты. Пластиктен басқа алюминий, әйнек, қағаз қалдықтарды жинаймыз. Біз қаланы қоқыстан тазартып қана қоймай, оны сұрыптаймыз.

пластмасса марка
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
пластмасса марка
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қалдығы өңделмейтін заттарды сатып алмаймын

Азық-түлік базарына барғанда өзімнің экопакетімді апарамын. Ондағы сатушылар “пакет тегін беріледі ғой, неге алмайсың” деп таңғалады. Мен оларға полиэтилен пакет санын көбейткім келмейтінін айтып, зиянын түсіндіремін.

Дина мен Саида атты әпкелі-сіңлілердің Jasyl Ju’rek атты жобасы бар. Олар өңделген полиэтиленнен сырға жасайды. Қазір менің құлағымда – сондай сырға. Ол өте жеңіл әрі ерекше.

Бану Құспанова
Бану-Ақкүміс Құспанова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Михаил Беляковтың “Пакетамнет” атты дүкені бар. Бұл жерде болат және шыны бөтелкелер, металл түтіктер, бірнеше рет қолданылатын бахилалар, бамбуктен жасалған тіс щеткасы, блокноттар, бірнеше рет қолданылатын сөмкелер, жарма, көкөніс пен жеміске арналған экоқаптар сатылады. Оның дүкенінде пластикке орын жоқ.

Күнделікті өмірде пайдаланылатын заттар арасында пластиктерді азайтқан жөн. Ол үшін экопакет қолданып, тіс пастасын, сусабынды үй жағдайында жасап, кір жуу ұнтағының орнына сабын жаңғағын, ыдысжуғыштың орнына қыша ұнтағын пайдаланса, майы жақсы кетеді. Мен тіс пастасын қолдан жасаймын. Себебі, біріншіден ол экологиялық өнім болады, екіншіден оның қаптамасы өңдеуге келмейді. Қалдығы өңделмейтін заттардан аулақ жүру керек. Әлеуметтік желідегі оқырмандарыма осындай кеңес беріп отырамын. Экологиялық өмір салтын насихаттау мақсатында экоблог жазуды қолға алдым. Маған адамдарды шабыттандырған ұнайды. Олардың менің кеңесімді іске асырғанын естісем, жеңіске жеткендей боламын.

Бану-Ақкүміс Құспанова
Бану-Ақкүміс Құспанова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әзірше қоқыс азайтумен ғана айналысып жатырмын, кейін ауа тазалығын сақтау мәселесіне көшемін. Қазақстанда барлық қоқыс өңделсе екен деймін. Өңделмейтін заттарды пайдалануға тыйым салса, табиғатқа аса зиян келмес еді.

Табиғатқа деген қамқорлық – өзіміздің жарқын болашағымыздың кепілі.

Өңделмейтін материалдардың сатылуына тыйым салу керек

Қазақстанның барлық өңірінде экосенбілік ұйымдастырғым келеді. Әзірше Алматыдан бөлек, Ақтауда өткіздім. Жазғы демалыста барғанымда ондағы қоғам белсенділерімен танысып, 30-ға жуық адам болып экосенбілік жасадық. Ол кезде бізге Ecowaste Aktau қоқыс қабылдау ұйымы көмектесті. Онда теңіз жағасында шөлмек көп екен. Бірақ қаладағы әр үйдің ауласында “Актау раздельный сбор” ұйымының қоқыс жинайтын жәшіктері қойылған.

Осы қозғалыстың арқасында көптеген белсенді азаматпен таныстым. Олармен бірігіп экосенбілік, қоқыс жинау акциясын ғана емес, оқу орындарында және кеңселерде экоағартумен айналысу да жоспарымызда бар. Тағы бір мақсатымыз – мемлекеттік құрылымдармен жұмыс істеп, өңделмейтін материалдарды пайдалануға тыйым салу. Адамдар дүкен сөрелерінде не бар, соны сатып алады. Олар әрі кетсе, өнім құрамын қадағалауы мүмкін. Тауардың сыртқы қаптамасының неден жасалатыны, қалдығы қайда кететіні қызықтырмайды.

Алдағы уақытта экосенбілікке қатысушылардан команда құрып “БізАлматы” жобасының конкурсынан грант ұтып алғымыз келеді.

Әлемдік тәжірибе

Жапониядағы әр үйде қоқыс қабылдайтын орындардың барлық түрі бар. Пластиктердің түрлерін маркаларына дейін ажыратуды балаларына да үйретіп қойған. Жапондар қоқысты арнайы аралға төгіп, экологиялық жолмен өртейді. Қоқысты жинау мен өңдеу саласында жетекші орын алатын ел – Швеция. Онда да қоқысты экологиялық түрде өртеп, одан шығатын энергияны жылытуға, электр энергиясына пайдаланады. Көшелерінен қоқыс таба алмайсыз. Тіпті, онда өзге елдерден қоқыс импортталады. Германия тұрғындары да қоқыс сұрыптауға жақсы “маманданған”.

Егер сіз Алматы мен тұрғындарының өмірін жақсартуға ниеттес адамдардан құралған ұжым болсаңыз, “Алматыны дамыту орталығы” АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан “БізАлматы” жобасының конкурсына қатысып, грант ұтып алыңыз. Әр жобаға берілетін гранттың ең үлкен мөлшері – 5 000 еуро. Конкурс туралы толық ақпаратты мына сілтемеден біліп, қатысуға өтініш бере аласыз.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!