Ішкі істер министрі Алматы әкімінің шешімі туралы пікір білдірді

Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек ірі даңғылдарда жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында көлік қозғалысы жылдамдығына шектеу енгізген еді.

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың әл-Фараби даңғылында көлік қозғалысы жылдамдығын сағатына 80 шақырымға дейін өзгерту шешімі туралы пікір білдірді.

әл-Фараби даңғылында сағатына 80 шақырым жылдамдық қарастырылған. Көшеде бағдаршамдар мен сол жаққа бұрылыс жоқ. Бастапқыда салыну ерекшелігіне қарай халықаралық стандарттар бойынша көшеде жылдамдыққа кедергі келтіретін шектеу жоқ. Сондықтан әкім дұрыс шешім қабылдады деп есептеймін, — деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бұған дейін қаланың негізгі транзит магистральдары — әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма автожолына сағатына 80 шақырым жылдамдық режимі қайтарылғаны хабарланған еді. Қазіргі уақытта әкімдік Шығыс айналма жолы мен Саин көшесінде де 80 шақырым/сағат жылдамдықты қайтарғалы отыр. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мұндай шешімге қаланың қоғамдық кеңесінің ұсынысы себеп болды.

Айта кету керек, 2019 жылдың 15 қаңтарында Алматыдағы әл-Фараби даңғылы мен Саин көшесінде және Шығыс айналма жолында көлік қозғалысы жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға дейін төмендетілген еді. Алматының бұрынғы басшылығы бұл шара жол-көлік оқиғаларын азайтады деп мәлімдеген.

ДереккөзTengrinews.kz

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!