Қоғамдық кеңес мүшесі Алматыдағы веложол неге өзгертілгенін айтты

Алматыдағы Қонаев пен Байтұрсынов көшелеріндегі веложолдың екі бағытты болуы тұрғындарға да, бизнеске де қолайлы. Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Ерлан Смайылов осындай пікір білдірді. Айта кету керек, веложол қозғалысын бұлайша реттеуді қоғамдық кеңес мүшелері ұсынған.

Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында соңғы жылдары жаяу жүргіншілерге арналған жолдар абаттандырылып, олармен қатар веложолдар да салынды. Белгілі бір мақсатта тиімділігі болғанымен оның шағын және орта бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырғаны да ашылып қалды. Сондықтан біз қалалық қоғамдық кеңес мүшелері бұрынғы қабылданған шешімге талдау жасай отырып, оған өзгерістер енгізуді де ұсындық, — дейді Ерлан Смайылов.

Бүгінде Алматыда 185 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Халықтың үштен бірі кәсіпкерлікпен айналысады. Қала бюджетінің 60%-і шағын бизнестен түседі. Демек, бұл қаланың әлеуметтік-экономикалық қоры шағын бизнестен тұратынын көрсетеді.

Бүгінде кәсіпкерлер Қонаев пен Байтұрсынов көшелерінің екі жағына салынған веложолдар осы екі көшеде орналасқан шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өркендеуіне кері ықпалын тигізгенін жеткізіп отыр. Веложолдардың ыңғайсыздығынан осы көшелерде орналасқан мейрамханаларға, қонақүйлерге, қоғамдық тамақтандыру орындарына адамдар аз келетін болған. Жол бойында көлік қоятын орындардың болмауы да ыңғайсыздық тудырды. Сондықтан кеңес мүшелері Қонаев пен Байтұрсынов көшелеріндегі веложолды Шевченко көшесіндегідей екі жаққа бағытталатындай етіп көшенің бір жағына орналастыруды ұсынды, — дейді Ерлан Смайылов.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Қонаев пен Байтұрсынов көшелеріндегі веложол мәселесінің шешілгенін хабарлаған еді.

Қозғалысы екі жаққа бағытталатын бір веложолды қалдырамыз (Мысалы, Шевченко көшесіндегідей). Екінші веложолдың орнына көлік тұрағын орналастырамыз, — деді қала басшысы.

Сонымен бірге Алматы басшысы әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма автожолына сағатына 80 шақырым жылдамдық режимін қайтару туралы да шешім шығарды.