Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев бюджетті бақылауды күшейтуді тапсырды

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға Премьер-министр Асқар Мамин, Премьер-министрдің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасарлары — Бердібек Сапарбаев пен Жеңіс Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова және Президент Әкімшілігінің басшылығы қатысты.

Кеңесте республикалық бюджеттің алдағы үш жылға арналған жобасының негізгі параметрлері баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет жобасының теңгерімді және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму талаптарына сай екенін айтты. Президент бюджет шығыстарының тиімділігін арттырып, бюджет кірісін одан әрі ұлғайта беру қажет деп есептейді. Ол бюджетті жоспарлаудың барлық кезеңінде шығыстарды оңтайландыруға, Есеп комитетімен өзара тығыз ықпалдастық орнатуға, негізсіз имидждік және консалтингтік шығындарды қысқартуға үндеді.

Мемлекет басшысы Үкіметке бюджет үдерісіне бақылауды күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, бюджет әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан барынша тиімді әрі маңызды жобаларды қаржыландыруға тиіс, — делінген Президенттің баспасөз қызметінің хабарламасында.