Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет дереу шешуі керек мәселелерді атады

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері экономикадағы құрылымдық өзгерістерді табысты іске асыру үшін шешілуге тиіс мәселелерді талқылауға жиналып отырғанын айтты.

Индустрияландыру жылдары тартылған инвестиция көлемі 8 триллион теңге болатын 1 250 жаңа өнеркәсіп орны пайда болды. 120 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім шығару жолға қойылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазір экономика құрылымында түбегейлі өзгеріс байқалмайды. 10 жылдан астам уақыт бойы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11%-тің айналасында. 2015-2018 жылдар аралығында еңбек өнімділігінің өсімі жоспарланған 12%-тің орнына 4%-ке ғана жетті. Осыған байланысты ол Үкімет пен әкімдіктер шешуге тиіс міндеттерді атады.

Бірінші бағыт — дайын өнім экспортын белсенді дамыту. Соңғы 3 жыл ішінде экспорттың жалпы құрылымында өңдеу секторының үлесі 34%-тен 8%-ке, яғни 2016-2018 жылдары 26%-ке дейін төмендеген. Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің 180-ге жуық тауар түрін экспорттайды. Бұл көрсеткіш Ресейде 358, Беларусьте 690, Қытайда 1 400, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша орташа көрсеткіш — 1 950.

Мемлекет басшысы отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына серпін беретін нақты шараларды ұсынды. Оның айтуынша, перспективалы экспорт нарықтарына талдау жасау, осы нарықтарға шығу үшін кеден салықтарын, тариф және басқа да талаптарды зерттеу, тиімді көлік-логистика шешімдерді анықтау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тағы бір маңызды сала — сапалы маркетинг. Президент жалпымемлекеттік бренд, ал оның базасында инвестициялық, туристік және салалық брендтерді қалыптастыру жөніндегі тапсырма әлі орындалмағанын айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке бренд қалыптастыру жөніндегі жұмысты аяқтауға екі ай уақыт берді.

Екінші бағыт — «қарапайым заттар экономикасын» дамыту.

Елімізде біз мақтан тұтатын көптеген тауар өндірісі бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, отандық өндірушілерді қолдауға бөлінген мақсатты 600 миллиард теңге бюрократия проблемаларына байланысты тиісті адресатына жетпеген.

16 тамыздағы жағдай бойынша жалпы құны 62,3 миллиард теңге болатын148 жоба ғана мақұлданған, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекет реттейтін сатып алулардың жағдайын сынға алып, жыл сайын мұның көлемі 10 триллион теңгеден асатынын айтты.

Қазақстанның үлесі 34% болып отыр. Бұл дұрыс емес. Біз оның үлесін әлдеқайда арттыра аламыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инвестиция саласындағы ахуалға жан-жақты талдау жасады. Оның айтуынша, еркін экономикалық және индустриялық аймақтар инвестиция тарту орындарына айнала алмай отыр.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындары индустрияландырудың үшінші бесжылдығы жобасын жетілдіру барысында ескерілетіні айтылды.