Beyoncé — Homecoming: The Live Album

Қайталанбас образ бен костюмдер. Феминизм және тверкинг. Сексизм мен расизмге қарсылық. 2018 жылы Бейонсе Калифорниядағы үш күндік open air-да өнер көрсеткен алғашқы қаранәсілді әнші болды. Ол Coachella сахнасын дүр сілкіндірді. Көп тыңдарман мен музыка сыншысы Бейонсенің фестивальде көрсеткен өнерін өте жоғары бағалады және оны музыка тарихында қайталанбас, көрнекті әнші деп атады. Олар фестивальді Coachella емес, Beychella деп атау керек екенін айтып, дауыстады. Homecoming альбомында әншінің фестивальде орындаған 40 әні бар. Альбом 2019 жылдың 17 сәуірінде шыққан.

Madonna — Madame X

Madame X — поп-патшайым Мадоннаның студияда жазылған 14-альбомы. Альбомды 2019 жылдың 14 маусымында Interscope лейблі таныстырды. Альбомдағы композицияның бірі болмаса, бірі әйтеуір бір сәтте көңіл-күйіңізге, ішкі әлеміңізге сай келеді. Мадонна — жан түкпіріндегі сезімдер, әсерлер. Кейде оның музыкасы, ырғақтары ішкі иірімдерден шығып, адам құқықтарына қайшы жайттарға эпатаж наразылыққа айналады.

Khalid — Free Spirit

Free Spirit — Американың соул әншісі Халидтің екінші студия альбомы. Альбом 2019 жылдың 5 сәуірінде шықты. Диск Billboard 200 хит-парадында 1-орынға, Ұлыбританияда 2-орынға көтерілді.

The Carters — Everything Is Love

Everything is love, Beyonce, Jay Z

Everything Is Love — Бейонсе мен оның күйеуі, рэпер Jay Z-дің бірігіп шығарған алғашқы студия альбомы. Альбомның релизі 2018 жылдың 16 маусымында Apeshit әнінің лид-синглімен бірге өтті. Everything Is Love сыншылардың оң бағасын алды және бірден Billboard 200 хит-парадында 2-орынға шықты, Тop R&B/Hip-Hop Albums рейтингінде №1 болды. Grammy 2019 музыка премиясында Everything Is Love «Үздік урбан-альбом» номинациясын жеңді.

Sia — This Is Acting

Ешкімге ұқсамайтын вокал мәнері, ерекше дауыс тембрі және экспрессия. Австралияның джаз, поп стиліндегі әншісі Sia-ның This Is Acting альбомын тыңдаған соң оның шығармашылығы туралы осындай ой пайда болатыны анық. This Is Acting — Sia-ның жетінші студия альбомы. Sia дауысын шебер ойната алады, ол әндеріне ерекше реңк, үн және эмоция береді. Альбом 2016 жылдың 29 қаңтарында шықты. Кейін альбом жаңа үш трекпен: Cheap Thrills, Move Your Body әндерінің ремиксімен, The Greatest жаңа трегін әншінің жеке және Кендрик Ламармен бірге орындаған нұсқасымен толықты.

Ninety One — Qarangy Zharyq

Qarangy Zharyq — қазақстандық бойзбенд — Ninety One тобының 2017 жылы шыққан альбомы. Топтың орындауындағы әндердің мәтіні ерекше. Ол адамды өмірге құштар етеді, жаңа нәрсені бастауға шабыттандырады. Әсіресе, Еski taspa bii, Аh!Yah!Mah! және Bugingi kunnen әндері адамды бірден баурап әкетеді.

Tyler, The Creator — Igor

Igor

«Igor — телефонды, теледидарды өшіріп, бар назарыңызды толық аударуға тұрарлық альбом». «Бұл — әншінің ең үздік жұмысы». Альбомға музыка сыншыларының берген бағасы осындай. Igor — америкалық рэпер Тайлердің бесінші студия альбомы. Мұнда 12 трек бар.

Imagine Dragons — Origins

Origins — Американың Imagine Dragons инди-рок тобының төртінші студия альбомы. Альбомның релизі 2018 жылдың 9 қарашасында өтті. Бұл альбомдағы әндер адамның ойы мен ішкі дүниесіне жиналған негатив, қиындық жарқын өмірге кедергі емес екенін түсіндіріп, адамды жігерлендіреді.

The Cranberries — In The End

Ирландияның The Cranberries тобының аты 90-жылдары дүрілдеді. Рок тобы Zombie әнімен әйгілі. Бүгінде бір тарих өтті. 2018 жылы осы бір үлкен шығармашылықтың жарқын өкілі Долорес О’Риордан қайтыс болды, ал биыл топтың соңғы альбомы In The End шықты.

Twenty One Pilots — Trench

Топтың алдыңғы Blurryface альбомы музыканттарды супержұлдыз етті. Trench — Twenty One Pilots дуэтінің бесінші музыка альбомы. Альбомның релизі 2018 жылдың 5 қаңтары күні болды. Альбомда 14 трек бар, олардың әрқайсын тыңдап көруге әбден болады.

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz)