Ғабидолла Оспанқұлов Nur Otan партиясының хатшысы болды

Ғабидолла Оспанқұлов Nur Otan партиясының хатшысы болып тағайындалды. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады.

Партия лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келісімімен Ғабидолла Оспанқұлов Nur Otan-ның хатшысы болып тағайындалды. Партияны жандандыру аясында оның білімі мен мол тәжірибесі Nur Otan-ның идеологиялық саясатын күшейтіп, жастармен жұмысқа тың серпін береді деп сенемін, — деп жазды Бауыржан Байбек Twitter-де.

Ғабидолла Оспанқұлов 1981 жылы қазіргі Түркістан облысында туған. Қазақ мемлекеттік заң университетін, Қазақстан-Ресей университетін бітірген. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Бирмингем университетінде магистратураны тәмамдады. Еңбек жолын 2002 жылы «Еуразия Консалтинг» серіктестігі заңгерінің көмекшісі болып бастаған.

ҚР Парламенті Сенаты аппаратының бас кеңесшісі, Қазақстан Президентінің Парламенттегі өкілдігінің сектор меңгерушісі, Екібастұз әкімінің орынбасары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің директоры, осы комитеттің әкімшілік және құқықтар жұмыс басқармасының басшысы, Білім және ғылым министрлігінің заң департаментінің директоры, Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры болып қызмет етті.

Nur Otan партиясы хатшылығына тағайындалғанға дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.