Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ төрағасы Мирослав Лайчакпен кездесті

Қазақстан Президенті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Мирослав Лайчакпен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қазақстанның сыртқы саясатының бейбітшілдік сипатта және еліміздің халықаралық ұйымдармен арадағы сындарлы ынтымақтастыққа адал екенін айтты.

Сіздің Словакияның Сыртқы істер министрі әрі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Нұр-Сұлтанға келгеніңізге қуаныштымын, — деді Мемлекет басшысы.

Халықаралық ұйым жетекшісі ЕҚЫҰ-ның мақсаты қақтығыстардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жан-жақты тиімді ынтымақтастық орнату екенін айтып, Қазақстанның халықаралық дағдарыстарды реттеудегі стратегиялық роліне ерекше тоқталды.

Мені және делегациямызды қабылдауға уақыт тапқаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент лауазымына кірісуіңізбен құттықтаймын, Сізге және еліңізге зор табыс тілеймін. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанға келгеніме қуаныштымын, — деді Мирослав Лайчак.

Кездесу аясында тараптар күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ықпалдастығының перспективаларына тоқталды.