Алматының әр ауданында кітап оқитын жайлы орындар ашылады

Кездесуде Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов қала басшысына кітап басып шығару мен оны нарыққа өткізудің қиындығы туралы айтты. Жазушының айтуынша, ол қазір кітаптарын өз қаржысына шығарып жүр. Қаламгердің «Тағдыр», «Соңғы көш», «Атамекен» туындылары кезінде 40 мың данамен басылса, қазір 2 мың данамен әрең таралады.

Халық жазушысы болсам да, Үкіметтен көмек бола бермейді. Баспа қызметкерлері кітаптарымды үйге әкеліп тастайды. Оларды «Атамұра», «Алматыкітапқа» апарып, саудаласып өзім өткіземін. Кітап оқитын жастар аз. Бір кітапты 1000 теңге десем, дүкеннің сөресіне жеткенше ол 3 мың теңге болады. Өзіме қалатын қаржыны есептесем, кітап шығаруға кеткен шығыннан артылмайды, — деді жазушы.

Қабдеш Жұмәділов
Қабдеш Жұмәділов. Фото: Азамат Құсайынов

Бақытжан Сағынтаев халық жазушысы көтерген мәселені шешуге қатысты тапсырма бергенін айтты. Бірақ ол «жастар кітап оқымайды» деген пікірмен келіспеді. Әкімнің айтуынша, оқитын орта бар, бірақ олардың қалтасы жұқа әрі кітапты жайланып отырып оқуға болатын орын тапшы.

Осы жағдайды ескеріп, аудандарда шағын кітапханалар салайын деп отырмыз. Қазір олардың схемасы сызылып жатыр. Оларда тегін Wi-Fi болады. Оқырман шай-кофесін ішіп отырып, кітап парақтайды. Тіпті, жастар ұйым құрып, апта сайын кітап талқылайтын отырыс жасауына болады. Ақын-жазушылар сол кітапханаларға барып, кітабын қойып қойса дейміз. Автор мақұлдаса, кітаптарды сол кітапханаларға өзіміз қойып шығамыз. Олар кітаптарын оқырманмен бірге талқылай алады. Сонда кітап та таралады, оқырман авторды да таниды, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Еске салайық, биыл Қазақстанның Жазушылар одағына 85 жыл толып отыр. Мерейтойға орай Алматы әкімі ақын-жазушылармен кездесіп, олардың проблемасы және әдебиетке көрсетілетін қолдау туралы әңгімелесті.