Бұл екі кітапта Қытай коммунистерінен зәбір көрген Шыңжаңдағы қазақтардың босқын болып, қандай қиындықты басынан кешкені баяндалады.

Қытай қазақтарының Шыңжаңнан босуы — Қытайдың басқа өңірлеріне, Моңғолия мен Үндістанға, содан кейін ХХ ғасырдың 40-60-жылдарында басқа елдерге де үдере көшуі. Бұған Қытай билігінің қазақтарға тиесілі жайылымдарды хань мен моңғол халқына бөліп беруі себеп болды.

Бақытжан Бұқарбай кітап туралы Baribar.kz порталына берген эксклюзив сұбатында:

Қазақтар Тибетті кесіп өткенде бір жағы коммунистермен, екінші жағы тибеттіктермен шайқасады. Сөйтіп, Үндістанға өліп-тіріліп жеткенде оларды шекарадан өткізбей қояды. Сонда қазақтар өздерінің босқын екенін, қытайлық коммунистерден зәбір көріп жатқанын айтады. Бірақ шекарашы құжаты жоқ қазақтардың босқын екеніне сенбей, шекарадан өткізбейді. Амалы таусылған қазақтар сол маңға киізүйін тігіп, не боларын күтіп отырады. Олардың соңына түскен коммунистер ақыры қуып жетіп, 11 қазақтың басын шауып тастайды. Сол сәтті шекарашы дәлел болсын деп бейнетаспаға түсіріп алған. Орталықтың шешімін күтпей, қазақтарды шекарадан өткізген үндінің атын анықтап, бейнетаспаны іздеуге болады. Өйткені соның арқасында бірталай қазақ аман қалды ғой. Тарихымызға осы тұрғысынан пайдалы дүние болар еді, тек оны ары қарай қазбалау керек, — деді.

Кітап 1000 данамен қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Тарихи еңбектің жарыққа шыққанын жария етуге арналған шараға Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, кино және театр актеры, кинорежиссер Досқан Жолжақсынов, саясаттанушы Айдос Сарым және басқалар келді. Олар кітаптың озық және кемшін тұстары туралы айтты.

Бақытжан Бұқарбай кітаптың қалай сатылатыны туралы айтты.

Қазақстандағы қазіргі қалыптасқан жағдайға сүйеніп айтатын болсақ, баспагерлікке кәсіп деп қарап, одан түсетін пайдадан байып кетемін деу бекер. Киім немесе басқа тауар сатумен айналыссаңыз, онда әңгіме басқа. Оның үстінен екі есе пайда табасың. Ал кітап шығару ісінде олай емес. Кітапты аударып, оны басып қана қоймайсың. Онымен жұмыс бітпейді. Оқырман осы кітаппен танысуы керек. Оны кітапты оқуға, сатып алуға көндіруің керек. Бірақ соның өзінде көп оқыла бермейді. Оны жасырудың керегі жоқ. Кітаптың маркетингтік жоспарын заманауи дүниелерге сүйеніп жасағымыз келеді. Мысалы, кітапқа дайын видеоларды іріктеп, оған өз қиялымызды қосып, трейлер дайындадық. Жұрт қазір дәл осы трейлер арқылы кітапқа қызығып отыр және бұл видео WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тарап жатыр, — деді ол.

Бақытжан Бұқарбай
Фото: Фархат Лебаев

«Аспантау асқан үркін көш» және «Великий исход казахов» кітаптарының «Меломан» дүкеніндегі бағасы — 4990 теңге. AmalBooks баспасының жетекшісі кітаптың бағасы қандай нәрсеге негізделгенін айтты.

2017 жылы баспагерлікпен айналысамыз деп шешім қабылдағанда әлеуметтік зерттеу жүргізген едік. Қазақтілді аудиторияның кітаптың бағасына қатысты талғамы — 1500-2000 теңгенің аралығында. Қазір бұл баға 3000-3500 теңгеге жақындап жатыр. Кітаптың бағасын 2000 теңге деп алатын болсақ, онда кітапты баспай-ақ қоюға болады. Өйткені бұл сома кітапқа кеткен шығын мен еңбекті ақтамайды. Типографиялық шығын, дүкеннің қоятын үстемесі бар, баға 4000-5000 теңгеге дейін барады. Ал егер кітап мемлекет тарапынан шығатын болса, әңгіме басқа. Ол кезде кітаптың бағасына бас қатырмауға болады. Тегін таратамын десеңіз де, өзіңіз білесіз. Өйткені бар шығынды мемлекет өтеп отыр. Мемлекет тарапынан кітаптың шықпауының себебі де жоқ емес, кітапта саяси конъюнктура бар. Тәуелсіз баспа форматында кітапты коммерциялық заңдарға сүйеніп жасағымыз келеді, сонда ғана сапалы дүние шығады, — деді ол.

Бақытжан Бұқарбайдың Годфри Лайастан аударған бұл кітаптарына Оrder.amalbooks.kz сайты арқылы да тапсырыс беруге болады.