Алматы полицейлері таудан мектепке барып көрмеген баланы тапты

Алматы полицейлері Талғар ауданы аумағындағы таулы жерде мектепке бармаған бала тұрып жатқанын анықтады.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, табылған бала 2011 жылы туған. Осы кезге дейін мектепте оқып көрмеген.

Бала қыркүйекте ең болмағанда екінші класқа баруы керек еді, бірақ ол әлі мектепке бармаған. Ол ұзақ уақыт бойы Алматы облысының Талғар ауданы аумағындағы таулы жерде ата-анасымен бірге тұрған болып шықты, жақын маңда мектеп болмағандықтан оқу процесімен қамтылмаған, — деді Түрксіб ауданы полиция басқармасының басшысы Еркін Амантаев.

Қазір бала Түрксіб ауданында тұратын әжесінің қолына берілді. Полицейлер оны 1 қыркүйекте тұңғыш рет мектепке апарады.

Аудандық білім бөліміне тиісті өтініш берілді. Айта кету керек, бала аңғарымпаз, тілтабысқыш, дені сау, оқуға ынтасы бар. Ювенал полиция бөлімі жеке құрамының бірауыздан қабылданған шешімімен баланың мектепке дайындығына қажет көмек беріледі: оқу құрал-жабдығын алуға біз көмектесеміз, — деді Еркін Амантаев.

Полицияның мәліметінше, әлі мектеп көрмеген бала «Демалыс» республикалық шұғыл алдын алу шарасының кезекті кезеңі барысында анықталып отыр. Қазір полиция инспекторлары балалардың тұрмыс қиындығына байланысты мектепке бара алмай қалмауын «Мектепке жол» акциясы шеңберінде де қадағалап жатыр.