Басты бетЖаңалықтарАлматы әкімі...

Алматы әкімі қаланың қысқа дайындығын қатаң бақылауды тапсырды

Алматының алдағы жылу маусымына жалпы дайындығы — 70%.Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен күзгі-қысқы кезеңге дайындық жөніндегі қалалық штабтың кезекті отырысында айтылды.

Алматы жылу-энергия кешендерінің күзгі-қысқы маусымға дайындығы 70% болады, бұл — былтырғы осындай кезеңдегі дайындық жұмыстарына тең көрсеткіш, — деді энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев.

Басқарма басшысының айтуынша, жылу желілерінің тозуы 2016 жылғы 64,4%-тен 61%-ке дейін төмендеген, суыққа дайындығы — 71%.

«Алматыжылукоммунэнерго» серіктестігінің 145 қазандығының 79-ы, яғни 64%-і қысқа дайын. Денсаулық сақтау және білім объектілеріне жылу беретін 66 дербес қазандықтың барлығы 100% дайын. Осы нысандар мен тұрғын үй қорының жылу маусымына дайындық қарқыны былтырғы кестеден 10% озық.

Әсет Масабаевтың айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлердің дайындығы 63%. Жұмысқа жеке пәтер иелері кедергі болып отыр.

Пәтер иелері кооперативтерінің 61%-і үйлерді әлі қысқа дайындамаған. Олардың төрағалары өз жұмысына немкетті қарап отыр. Соның салдарынан элеватор тораптары, подвалдардың жағдайы нашар, манометрлер мен өзге де өлшегіш құралдар орнатылмаған, — деді басқарма басшысы.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына тұрғын үй қорын қысқы маусымға дайындаудағы пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын қатаң бақылауға алуды және апат жағдайларын болдырмауды, Алматы тұрғындарын тіршілік жүйелерінен ажыратпау жолдарын іздестіруді тапсырды.