1. Кофе мен энергетика сусындары ұйқыға қалай әсер етеді?
Кофенің құрамында кофеин бар. Ол адам ағзасының белсенді жұмыс істеуіне әсер етеді. Дәрігердің айтуынша, оны көп мөлшерде ішсе, ұйқысыздыққа себеп болуы мүмкін. Адамның кейбіріне кофе әсер етпей жатады.
Кофенің адамға әсер етпеуі ондағы кофеиннің концентрациясына байланысты. Нағыз кофенің концентрациясы жоғары болады. Күнделікті ішіп жүрген қалташадағы кофенің концентрациясы төмен. Егер оның мөлшері көп болса, ағза қарқынды жұмыс істей бастайды. Нағыз кофені көп мөлшерде ішкенде ағза қарқынды жұмыс істеп, қан тамырлары қысылады. Ол инфарктіге де себеп болуы мүмкін. Энергетика сусындары да ағзаға дәл солай әсер етеді. Ол неғұрлым сапалы болған сайын әсері де күшті болады, — дейді Жанар Байманова.
2. Нағыз ұйқы сағат 23.00 мен 03.00 аралығында болатыны рас па?
Адам ағзасының биология сағаты болады. Ол қоршаған ортамен, Жер бетіндегі жаратылыспен тығыз байланыста. Басқаша айтқанда, бұл — күн мен түн.
Адам ағзасында биология сағатымен тікелей байланысты ұйқы гормондары бар. Таңға жақын ағзаны оятатын, оны белсенді ететін гормондар бөлінеді. Жер шарында түн болып, таң атпайтын жерлер бар. Ондай жердің тұрғындары күйзеліске бейім. Күні мен түнін ауыстырып алған адамдардың ағзасы биология сағатына бейімделіп үлгермейді. Себебі әр гормонның бөлінетін уақыты бар, — дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, сағат 02-03.00-ге дейін ұйықтамай жүретін адамдар өмір салтын солай жалғастыра берсе, аурушаң болады. Түнгі ауысымда жұмыс істейтіндерге көбірек жалақы төленетіні де содан.
3. 10-15 минуттық ұйқы пайдалы ма?
Ұйқының бірнеше сатысы болады. Соның бірі — қалғу. Адам терең ұйқыға кетпей, аздап көз шырымын алса, шаршауы тез басылады.
Егер адам терең ұйқыға кеткеннен кейін оянса, меңзең болып, аз уақыт серги алмай жүреді. Ал 10-15 минут мызғып алған соң тез қалыпқа келуге болады. Бірақ оның түнгі ұйқыға қатысы жоқ, — дейді Жанар Байманова.
4. Қорылдаған адамның ұйқы безі ауыратыны рас па?
Ұйқы безінің ұйқыға қатысы жоқ. Ол асқазанның астында орналасқан. Асқазан толғанда ұйқы безін басып, адам ұйқыға кетеді деген оймен қазақтар оны «ұйқы безі» атап кеткен. Дәрігердің айтуынша, олардың бір-біріне байланысы жоқ.
Тамақ жегеннен кейін адамның ұйқысы келетіні рас. Ас ішкенде асқазан мен ішек жолдары қарқынды жұмыс істей бастайды, яғни ағзадағы қанның көбі асқазанға қарай барады. Сол кезде мидағы қан да азайып, оттегі жетпейді. Себебі қан оттегіні тасиды. Оттегі жетпесе, адам ағзасы босаңсиды. Содан ұйқы келе бастайды, — дейді маман.
Оның айтуынша, қорылдың да ұйқы безіне қатысы жоқ.
Қорылдау көбіне семіздіктен немесе тағы басқа себептерден болады. Адамның ауыз қуысында екінші тілше деген бар. Мұрын дұрыс жұмыс істемегенде ауызбен демалғанда тілше ұлғайып, тынысалу жолын жауып тастайды. Содан қорыл пайда болады. Қорылдан адам дұрыс ұйықтай алмайды, ұйқысы бұзылады. Ұйықтап жатқан кезде ағзаға ауа кірмеген соң ми зақымдалады. Сондықтан көбіне қорылдайтын адамдардың ұйқысы қанбай жүреді, — дейді дәрігер, психолог.
5. Ұйықтап жатқан адамда бір уақыт аралығында бақыт гормоны бөлінетіні рас па?
Бақыт гормоны медицинада «эндорфин» деп аталады. Бірақ ол ұйқы кезінде ғана емес, басқа уақытта да бөліне береді. Адам болмашыға қуанып, тек жақсы нәрсені байқап, позитив ой ойлап, жақсы сөз сөйлейтін болса, ағзада эндорфиндер бөлінеді.
Жақсы сөйлейтін, жақсы ойлайтын адамдар ұзақ әрі бақытты өмір сүреді. Эндорфин гормоны ағзаға тек оң әсер береді, — дейді маман.
6. Күні бойы ойлаған нәрсе түске енетіні рас па?
Рас. Адамда сана және түпсана болады.
Адамның күні бойы көрген-білгені ақпарат болып, түпсанаға жазылады. Ұйқы кезінде сана өшіп, түпсана жұмыс істеп, ондағы ақпарат тікелей немесе жанама түрде түске енуі мүмкін, — дейді дәрігер.
7. Апта бойы қанбаған ұйқының нормасын демалыс күндері орындауға бола ма?
Жоқ, болмайды. Дәрігердің айтуынша, ағза адамды күтпейді.
Демалыс күндері таңнан кешке дейін ұйықтасаңыз да, апта бойғы норманы орындай алмайсыз. Сондықтан ұйқысы басқа кездері қанбаған адам дел-сал күйде жүреді. Себебі ағза биосағатқа, биоырғаққа бағынады. Адамды күте алмайды. Соған сай өмір салтын да бейімдеу керек, — дейді Жанар Байманова.
(Иллюстрация: Dribbble.com ©Uran)