Алматы әкімінің баспасөз хатшысы Әсет Мұқажановтың хабарлауынша, жағдай қалпына келді. Су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді.
Эвакуация болмайды, су деңгейі төмендеп жатыр, — деп хабарлады Әсет Мұқажанов.
Сел қаупі туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин де түсінік берді.
Қазіргі уақытта № 1 морена көлі ауданынан судың Қарғалы өзенімен ағысы азайғаны байқалып отыр. Су айтарлықтай төмендеді. Біз 1-1,5 сағат ішінде Қарғалы бөгеті ауданынан судың азайғанын байқаймыз. Сондықтан қауіп жоқ кезде эвакуация жөнінде шешім шығару да орынсыз. Біз тек Қарғалының Алғабас елді мекені ауданындағы жағдайына назар аударып отырмыз, — деді Юрий Ильин.
14 тамыз күні таңертең Алматының Наурызбай ауданында тұрғындарға сел қаупі туралы хабарлана бастаған. Кейін әкімдік сел жүргенін және аудан тұрғындарына қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Халық жиналуы керек үш орын анықталды. Энергетика қызметтеріне жарық пен газды өшіруге бұйрық берілді. Оқиға орнында барлық шұғыл қызмет жұмыс істеп жатыр.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, соңғы екі айдағы температура фонының тұрақсыз болуына байланысты 14 тамызда 06.20-да Қарғалы өзені алабындағы №1 көлдің суы ішкі морена арналары арқылы секундына 5 текше метр болып тасыған. Су деңгейі 5 метрге төмендеді, ағып кеткен судың көлемі шамамен — 20 мың текше метр.
Көп ұзамай төтенше жағдайлар қызметкерлері жақын маңдағы елді мекендерге төнетін қауіп жоқ екенін хабарлады.