«Әйелдердің «барын» көрсетіп жүруі — ер адамдардың құмарлығын оятып, «жыныстық стресс» туындатады, соның әсерінен ауыр ішкіоргандық «жыныстық кері қайту» комплексі іске қосылады, ал ол – импотенция мен рак ауруларына алып барады, дейді дәрігерлер» (жазбаның стилі мен орфографиясы қаз-қалпында сақталды).

Ақын, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, псиxология ғылымдарының кандидаты Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram, 2019 жылдың 27 шілдесі) осылай деп жазды. Ол бұл пікіріне бірнеше «дәлел» де келтірген.

«Қазіргі таңда аденома мен простата рагына шалдыққан ерлердің саны күн сайын артуда (әлем бойынша ер адамдардың 40% — ы осы ауруға шалдыққан). Бұл әсіресе, шешіну «сәнге» айналған еуропа елдерінде кең тараған (біздің еліміз де шет қалмайды) (жазбаның стилі мен орфографиясы қаз-қалпында сақталды), — деп жазды қоғам қайраткері.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Қыз-келіншектердің жалаңаштануы ең алдымен кімге зиян? Қазіргі таңда қыз-келіншектердің ашық-шашық киінуі күн сайын көз көріп жүрген қалыпты жағдайға айналды. Ал сол жалаңаштанудың «өз иесімен» қоса, айналасындағыларға аса қауіпті екенін білеміз бе? «Әйелдердің «барын» көрсетіп жүруі – ер адамдардың құмарлығын оятып, «жыныстық стресс» туындатады, соның әсерінен ауыр ішкіоргандық «жыныстық кері қайту» комплексі іске қосылады, ал ол – импотенция мен рак ауруларына алып барады» дейді дәрігерлер. Қазіргі таңда аденома мен простата рагына шалдыққан ерлердің саны күн сайын артуда (әлем бойынша ер адамдардың 40 %-ы осы ауруға шалдыққан). Бұл әсіресе, шешіну «сәнге» айналған еуропа елдерінде кең тараған (біздің еліміз де шет қалмайды). Орта есеппен, ер адам «жалаңаш денелерді» күніне 100-200 рет көреді. Ойы бұзылған оның құмарлығы қанағаттанбағандықтан, ағзасы ішкі канцерогендік, қиратушы шабуылға тап болып, онкологиялық ауруларға ұшырап тынады. Ақырында, 40 жасқа жетпей жатып ұрпақ сүю қабілетінен айырылады. Осылайша, көшеге жалаңаштанып шыққан қыз-келіншектер өз денсаулықтарын құртумен қатар, ер адамдардың денсаулығына да қабір қазуда. Дәл осылай жалғаса берсе, ұрпақ сүюден қалған кез келген елдің түп-тамырымен жойылатыны анық. Ал дінімізде әйелдің ашық-шашық киінуіне тыйым салынған. Оларға (харамға) қараған ер адамдар да үлкен күнәға бататыны айқын нәрсе. #құмарлық #жалаңаш #ер #қыз #киім #жаз #маxаббат #ғашықтық #нәпсі #қалау

Публикация от Muhamedjan Tazabek (@mukhamedzhan_tazabek)

Baribar.kz қайраткердің атышулы мәлімдемесінде келтірілген дәйектердің рас-өтірігін тексерді.

Автордың бірінші күмәнді дәйегі: «Қазіргі таңда аденома мен простата рагына шалдыққан ерлердің саны күн сайын артуда». 

Қуықасты безінің қатерлі ісігімен ауыратындардың саны күн сайын есептелмейді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған 2012, 2017, 2018 жылдар бойынша қуықасты безінің қатерлі ісігіне шалдыққандардың 100 мың адамға шаққандағы санын салыстырып көрдік.

Дүниежүзінде соңғы 7 жылда бұл қатерлі ісікке шалдыққандардың саны көбейгенімен көрсеткіштің 100 мың ер адамға шаққандағы саны аса артпайды. 2012 жылы 100 мың ер адамның әрбір 30-ы қуықасты безінің қатерлі ісігімен ауырса, 2017 жылы әрбір 29, 2018 жылы әрбір 33,1 ер адамға сондай диагноз қойылған.

Демек, Мұхамеджан Тазабектің «аденома мен простата рагына шалдыққан ерлердің саны күн сайын артуда» деген мәлімдемесі ешқандай деректі негізсіз, асыра айтылған.

Автордың екінші күмәнді дәйегі: «Әлем бойынша ер адамдардың 40%-ы осы ауруға шалдыққан».

World Bank халықаралық қаржы ұйымының статистикасы бойынша 2018 жылы әлемде 3,83 миллиард ер адам болған. Сол жылы 1 миллион 276 мың 106 ер адамнан қуықасты безінің қатерлі ісігі анықталған. Бұл әлемдегі барлық ер адамның 0,03%-і. Жазба авторы айтқандай, 40% емес. Сонда әлемдегі 100 мың ер адамның шамамен әрбір 33-і ауырады.

Мұхамеджан Тазабектің бұл дәйегі де жалған болып шықты. Желі қолданушылары жазба авторының осы деректі қайдан алғанын сұраған. Автор «отбасылы жандармен сөйлесіп жүрмін» деп жауап берді.

Facebook желісінде осы пост астына жазылған комментарийдің скриншоты
Facebook желісінде осы пост астына жазылған комментарийдің скриншоты
Инфографика. Қатерлі ісік
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қатерлі ісік диагноздары арасында өкпе мен сүт безі қатерлі ісігі алғашқы орындарда. Одан кейінгі орындарда тоқішек пен қуықасты безі қатерлі ісігі тұр. Ерлер арасында бірінші орында өкпе, екінші орында қуықасты безі қатерлі ісігі жиі кездеседі.

Автордың үшінші күмәнді дәйегі: «Бұл әсіресе, шешіну «сәнге» айналған Еуропа елдерінде кең тараған (біздің еліміз де шет қалмайды)».

ДДСҰ-ның былтырғы статистикасы бойынша Еуропада 100 мың ер адамның әр 125,1-іне қуықасты безі қатерлігі ісігі диагнозы қойылған. Континент әлем бойынша екінші орында тұр. Бірінші орында — Солтүстік Америка.

Автордың төртінші күмәнді дәйегі: «Орта есеппен, ер адам «жалаңаш денелерді» күніне 100-200 рет көреді. Ойы бұзылған оның құмарлығы қанағаттанбағандықтан, ағзасы ішкі канцерогендік, қиратушы шабуылға тап болып, онкологиялық ауруларға ұшырап тынады». 

ДДСҰ зерттеулерінде қуықасты безі қатерлі ісігіне себеп болуы мүмкін факторлар анықталған. Басты факторлардың бірі — адамның жас ерекшелігі. 45 жасқа дейінгі еркектерде қуықасты безінің қатерлі ісігі сирек кездеседі. Тағы бір фактор — тұқымқуалаушылық. Егер ер адамның әкесі немесе ағасы осы қатерлі ісікпен ауырса, оның да ауыру қаупі жоғары болады. Сонымен бірге семіздік, темекі шегу, жыныс жолымен таралатын вирустар, дене қозғалысының болмауы, дұрыс тамақтанбау да қуықасты безі қатерлі ісігі қаупін арттыруы мүмкін екені дәлелденген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қатерлі ісік ауруын зерттеу жөніндегі халықаралық агенттігінің мәліметінде қуықасты безі қатерлі ісігіне себеп болуы мүмкін жайттардың қатарында ерлердің жалаңаш әйелдерді көруі туралы ештеңе айтылмайды. Ал Мұхамеджан Тазабектің «ер адам «жалаңаш денелерді» күніне орта есеппен 100-200 рет көретінін» қалай есептеп шығарғаны, тіпті, ақылға сыймайды.

Ал Қазақстанда 2018 жылы 943 адамға қуықасты безі қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Көрсеткішті 100 мың ер адамға шаққанда 12,8 болады.  

«Асыл арна» басшысының басқа дәйектері тексеруге келмейді. Қатерлі ісікке қатысты Қазақстан және дүниежүзі бойынша ресми статистиканы мына дереккөздерден қарап шығуға болады:

The Global Cancer Observatory (GCO);

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты.

Бұл ресми дерек те Қазақстанда қуықасты безінің қатерлі ісігі кең тарамағанын дәлелдейді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабектің Instagram желісінде 1 миллионға жуық оқырманы бар. Оның белгісіз дәрігерлерге сілтеме жасап таратқан жалған ақпараты әлі күнге дейін өзгеріссіз тұр.