Басты бетЖаңалықтарАлатау ауданы...

Алатау ауданы тұрғындары Алматы әкіміне 400-ден астам сұрақ қойды

Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті.

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қала басшысы мегаполисті дамытудың негізгі бағыттары, абаттандыру, әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру, медициналық қызметтің қолжетімділігі, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмыс орындарын құру туралы айтып берді.

Бақытжан Сағынтаев қаланың барлық ауданында тұрғындар сапалы медициналық қызметті пайдалана алатынын айтты. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін медицина мекемесі жоқ ықшамаудандарда медицина пунктілері мен амбулаториялар ашылады әрі мұнда орталық емханалардың дәрігерлері пациент қабылдайды. Бұған қоса, 1 тамыздан бастап тоқсан сайын халыққа кәсіби мамандардың жылжымалы тобы кеңес береді.

Қала әкімі еңбекпен қамту мәселесіне ерекше назар аударды. Қызмет көрсету мен сервисті экономика саласында шағын және орта бизнесті қолдау арқылы сапалы жұмыс орындарын құрудың кешенді шаралары әзірленді. Аудандарда көпбалалы аналарды қолдауға арналған «Бақытты отбасы» орталықтары ашылып жатыр және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін «Іскер ана» бағдарламасы қолға алынды.

Еңбек нарығында жастардың қажетті мамандық алуына көмектесу мақсатында қала колледждерінің көшпелі қабылдау комиссиялары жұмыс істеп жатыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында тегін оқыту қолға алынған.

Бақытжан Сағынтаев қауіпсіздік, инженерлік және жол инфрақұрылымдарын салу, жарық жеткізу, жер алу мен жеке үй салу ісін заңдастыру, коммуникацияға қосылу сияқты проблемалар туралы да айтты.

Әкімнің айтуынша, көлік қатынасы, медицина қызметінің қолжетімділігі мен сапалы ауызсу жайы өткір мәселелер болып тұр. Алатау ауданында оқушылар үшін 4 760 орын жетіспейді.

Кездесуге келгендер әкімге сұрақ қойды. Үш сағатқа созылған кездесу барысында тұрғындар ауызша және жазбаша түрде 400-ден астам сауал жолдады. Алматы әкімдігінің көшпелі хатшылығы сұрақтардың барлығын тіркеді, олар сараптамадан өтеді және тиісті шешімдер қабылданады.

Біз жедел шешетін мәселелер бар, олар — абаттандыру мен жарықтандыру. Ал кейбір мәселені шешу үшін біраз уақыт, қосымша қаржыландыру қажет. Шешілетін мәселелердің барлығы шешімін табады. Жоқтан бар жасаймыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Еске салайық, қала әкімі өткен сенбіде Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездескен еді.