Жадыра Нармаханова, журналист

Оның пәтер алуына жұмыстас құрбысы себепші болған. Ол қаржы жинауда жоспар ғана емес, табандылық керек екенін айтты. Өзіне бірнеше шектеу қоюға мәжбүр болған. Бірақ бұл шектеулердің пайдасы болмаса, зияны болмапты.

Жадыра Нармаханова
Жадыра Нармаханова. Фото: Qamshy.kz

«Пәтер алуыма мотивация болған — жұмыстағы құрбым Самал. Құрбым баспаналы болғасын банктен депозит аштым. Ай сайынғы ең төменгі салымым 51 500 теңге болды. Әдейі осы соманы таңдап алдым. Ол кезде менің айлығым жүз мың теңгеге жетпейтін. Қыздармен сығылысып, бір бөлмелі, тар пәтерде тұрдым. Ай сайын пәтерге 20 мың теңге төледім. Қыздармен азық-түлікке 5 мың теңгеден жинайтынбыз. Ауылдан кейде сыбаға ретінде бір асым ет беріп жібереді. Ет сатып алмайтынбыз. Соны ұқсаттық. Қалған 20 мың теңгедей ақша жүріп-тұру шығыныма кетті. Бірақ мен ай сайын 51 500 теңге салсам болды деп қарап отырмадым. Қосымша жұмыс істедім. Сыйлықақы алғанда мұртын бұзбай банкке салдым. Депозитіме несие сияқты қарадым. Әр айдың 5-іне дейін ақша салатынмын. Кейде көйлек алғым келгенде: «Жадыра, көйлек деген — шүберек». Сен қазір біреудің үйіне ақша төлеп отырсың. 15-20 мың теңге артық салсаң, тезірек үй аласың» деп өзімді тежейтінмін. Көйлек көріп қатты «ауырып» қалған кезімде дүкенге барам. Алатын адам сияқты түр жасаймын да киіп көрем. Айнаның алдында 10-15 минут киіп тұрып ыстық-суығымды басамын. Сосын алуға ойланып тұрған адамның кейпін жасап кетіп қалам. Киімге деген нәпсімді солай басып жүрдім. 2012 жылдың шілдесінде ашқан депозитіме 1 жыл 4 айдан кейін үй алуға болады деген хат келді, — дейді ол.

Үйге қол жеткізу үшін оны қалау жеткіліксіз. Кейіпкеріміз бұл сөзге дәлел бола алады.

Біз қазіргідей бәрін интернетпен бітіре салмадық. Салынып жатқан үйлерге өтініш беру үшін таңғы 6-дан банктің алдына кезекке тұрдық. 9-дан кете банк ашылғанда таласып-тармасып талон алдық. Түстен кейін әзер құжат тапсырғанбыз. Ол кезде шотымда 1 миллион 400 мың теңге ақша болды. Үй алу туралы өтінішімді мақұлдағаннан бір жылдан кейін пәтеріме көшіп бардым. Оған дейін банк менеджерлері қандай құжат әкел десе, соның бәрін апардым. Ай сайын 150 мың теңге жалақы алуым керек екен. Ол кезде айлығым 130 мың теңге болатын. Төлем қабілетін растай алмай қалатын болдым деп қатты қорықтым. Алайда сыйлықақылар құтқарып қалды. 6 айға шаққанда 150 мың теңгеден асып кетті. Депозитім кредитке айналғанша үйімнің 50% ақшасын құйдым. Есептесем, үш жылдық еңбек демалысымның қаржысын түгел үйге салған екем. Бірақ Алла көмектесті. Өзім ұмтылдым. Жаңа жылға дейін бүкіл қарызымнан құтылып, ең қажетті деген жиһаздарымды сатып алдым. Бір әпкем қонақ күтетін орындық, үстелдің ақшасын берді, бір ағам тоңазытқыш сыйлады. Қалған затымның бәрін өзім алдым. Ыдыс-аяғымды да өзім алдым. Апам көрпешелерімді тігіп беріп жіберді. Көрпелерімді Қытайға барғанда алып келгем, ырымдап. «Үйім болса» деп жинағам ғой. Мұның бәрін неге тәптіштеп жазып жатырмын? Өйткені менің бүкіл әрекетімде үй аламын деген ниет болды. Пәтер алуға байланысты қандай мақала шығады, бәрін оқыдым. «Жилстройдың» сайтын күніне 5-6 рет ашып көретінмін. Менен кейін 5-6 жұмыстасым пәтерлі болды. Құдайға шүкір, бәрі өз еңбектерімен, бір айлықпен жетті, — дейді Жадыра.

Жадыраның әпке-жездесі «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алғалы жатыр екен. Олар «Баспана алу үшін айлық табыс көп болуы керек» деген стереотипті бұзған. Кейіпкеріміздің айтуынша, екеуі де қарапайым қызметте жүріп, қосымша жұмыс істеген.

Жақында әпкемнің үшбөлмелі пәтер алу туралы өтініші мақұлданды. Оларды ертіп апарып, депозит ашқызғам. Ай сайын үйлеріне барып, депозитке салатын ақшасын әкетіп қалатынмын. Әпкемнің үй алуға деген мотивациясы мықты болды. Аядай ғана пәтерде тұрады бір баламен. 45 мың төлейді. Жездем де, әпкем де оқымаған. Әпкем қара жұмыс істеп жүріп, кешкісін медбике ісі бойынша колледж оқып алды, —  дейді ол.

Жадыраның айтуынша, баспана алу үшін мықты ерік-жігер ғана емес, ізденіс пен сауат та болуы қажет. Кейіпкеріміз мемлекеттің бұл бағдарламасының игілігін тек еңбекқор адамдар көретініне тағы бір мәрте көзімізді жеткізді.

Әпкем екінші баланы тумай, сақтанып жүрді. «Басымызға баспана алып алайық, сосын туамын» деп. Сөйтіп тірнектеп ақша жинады. Үй туралы қандай ақпарат болса, бәрін оқиды. «Жилстройдағы» жеке кабинетіне күн сайын кіріп тұрады. Қай жерден қандай үйлерді алуға болатынын жеке кабинеті арқылы біліп отырады. Солай үйдің 20%-ын жинап, үш бөлмелі пәтер алатын болды. Мен де шетелде оқып, шетелге саяхаттауыма болар еді. Әпкем де бір баладан кейін екіншісін, үшіншісін тууына болар еді. Бірақ әуелі басымызға үй жасап алуымыз керек деп шештік. Болашаққа деген жауапкершілікті ойладық. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана алдық. Сауатты ақпарат алсаңыздар, мемлекеттің әр бағдарламасының шарапатын көруге болады. Мемлекет ешкімге тегін үй беруге міндетті емес. Адам тек өзіне сеніп, қам қылуы керек. Еңбектенгісі келмейтін адам ғана сылтау айта береді, — дейді Жадыра.

Қуаныш Ермекова, журналист:

Бұл кейіпкеріміз әуелі жергілікті әкімдіктің тұрғын үй басқармасына жас отбасы ретінде тіркелген. Кейін мемлекеттен баспана күтіп отырғанша қор жинауды дұрыс санаған. Олардың бұл жоспары бірден екі рет үйлі болуға көмектескен.

Қуаныш Ермекова
Қуаныш Ермекова. Фото: On.kz

«9 жыл бұрын жолдасым екеуіміз жас отбасы ретінде үй кезегіне тіркелдік. Ол кезде тұрғын үй басқармасы болатын. Ондағылар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашу керек деді. Сөйтіп қаржы салуды бастадық. 2010 жылдары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі белсенді емес, бүгінгідей сайттары да жоқ болатын. Жылына 1 рет барып кетеміз. Тұрғын үй басқармасы көңілімнен шықпай, сенбей жүрдім. Бірақ ешкімнің тегін үй бере қоймайтыны белгілі ғой. Сондықтан «ақша жинай беру керек, қор болып тұрсын» деп, сала бердім. Банк ай сайын жинайтын қаржы мөлшерін 21 мың теңге деп белгілеп берді. Бірақ мен оған артығымен салып жүрдім. Жылына 1-2 рет беретін сыйлықақыны, ішіп-жемнен, басқасынан артылған қаражаттың бәрін шотқа сала бердім. Менің бір қатем — үй алуға байқауға қатысып, кезекке тұру керек екенін білмедім. Сол уақытта банк байқау жариялап, «Спутник», «Әйгерім» аудандарынан шотында 500 мың теңгесі барларға да баспана берген екен. Ал сол кезде менің шотымда 3-4 миллион теңгедей болған. Ал мен баяғы үй қымбат деген түсінікпен шоттағы ақшаны азсынып жүре беріппін. Ал қазір біздің кезіміздей емес, үй алуға бар жағдай жасалған. Бұрын жұрт ескі үйлерге таласатын. Қазір жаңа үй көп салынып жатыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 9 жыл ақша жинаппыз. Сөйтіп 8 миллион теңгеге үй алдым. Ұзақ уақыт қаржы салғасын банк үй сатып алуға берген ақшадан бөлек тағы да 4,5 %-бен 6 миллион теңге берді. Сол қаражатқа екі қабатты коттедж салып алдық», — дейді ол.

Жас ерлі-зайыпты баспанаға жету жолында тұрмыс жағдайын реттеу үшін алғашқы баласын ауылдағы әжесіне тапсырған. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл қиын шешім болғанымен көп көмегін тигізген.

Жеті жылдай бір ғана баламыз болды. Ол бес айлығынан бастап ауылдағы әжесінің қолында өсті. Жолдасым екеуміз үй алсақ деп қана өмір сүрдік. Жас ерлі-зайыпты болып киноға, сырттан тамақтануға көңіл бөлмейтінбіз. 35 мың теңге пәтер ақысынан артылған ақшаны шотқа сала бердік. Екеуден-екеу тұрған соң көп тамақ алмай, киімге мән бермедік. Ата-анамыздың салып жібергені болмаса, 5-6 жылдай ет те сатып алмадық. Менің мамандығым — веб-редактор. Жолдасым — «Ақсай нан» зауытында оператор. Жолдасым да қызығып, менің шотыма салып жүрді. Жазда екеуіміз қосымша жұмыс ретінде мектептерде жөндеу істедік. Қолым босай қалса, диплом, реферат жазуға тапсырыс алдым. Айлығымызды қосқанда, отбасының айлық табысы 200-250 мың теңгеге жететін. Қазір үш баламыз бар. Тағы да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат жинап жатырмыз. Болашақта балаларымызға керек болады, — дейді Қуаныш.

Әйгерім Қапанова, мұғалім:

Бұл кейіпкеріміздің отбасы үй салу үшін қомақты қаржыны қолма-қол жинаған. Ол үшін қаржы сауатының да қажет екенін түсіндірді.

Бала-шағамен жағдайсыз үйлерде тұрып жүрдік. 2013 жылдары үй салу үшін қаржыны доллармен қолма-қол жинай бастадық. Ол кезде жер учаскесінің құны доллармен болды ғой. Басында теңгемен жинап банкке саламыз деп ойладық. Онымен доллар бағамы тұрақсыз болды. Доллар 150 теңгеден 180 теңгеге көтерілді. Ол кездері мүлде жағдай жасалмаған, суы жоқ, жылу жүргізімеген үйге 15 мың теңге төлеп, тұрып жаттық. Сондықтан түскен ақшаны долларға алмастырып, туыс апайымыздың үйіне апарып, ай сайын 100 мыңдап жинап жүрдік. Ол кезде жолдасымның айлығы — 180 мың, — дейді Әйгерім.

Ол жеке баспанаға қол жеткізу үшін кей нәрсеге шектеу қоюдың дұрыс екенін айтты.

Екі баламыз болды. Киім өте қажет болса ғана алдық. Балаларға шоколад, тәтті сусын сияқтыларды мүлде сатып алмауға тырыстық. 1,5 жылдан кейін балаларды ата-атанамызға жіберіп, өзіміз үй салуға кірістік. 1,5 жылдай жерге қаржы жинадық. Жолдасым жұмысынан кейін такси айдап, күнделікті жұмсайтын қаржы тауып келеді. Қазіргі уақытта жолдасым — инженер. Балаларды ата-әжесіне жібергеннен кейін үйдің іргесін қалап бастадық. Ай сайын ақырындап үйге қажет заттарды ала бердік, — дейді ол.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Liza Otchenashenko)