Қарыз берер кезде мәміле қалай жасалып еді? Заңгер күрделі жағдайдан шығудың амалдарын қарыз алу-беру жөніндегі келісімнің түріне қарай түсіндіреді. 

Ауызша келісім

Марғұлан Шыныбеков
Марғұлан Шыныбаев. Фото жеке архивінен

Мұндай кезде қарызды сот арқылы қайтарып алу қиын. Себебі оның «Қарыз алдым, осындай уақытта қайтарамын» деген сөзін сот процесінде дәлелдей алмайсыз. Дәлелдемеңіз жоқ болғандықтан қарызды қайтарып алу туралы талап-арызыңыз қанағаттандырылмайды.

Ал егер қарыз сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, оны куәгердің сөзі арқылы қайтарып алуға болады. Бірақ бұл теория жүзінде айтылғанымен нақты сот процесі кезінде бұлтартпас дәлел бола алмайды. Талапкер жақтан куәгер келсе, онда жауапкер жақтан да куә болатын адам табылады. Талапкердің куәгері «Иә, мен оған қарызға ақша бергенін көрдім және осындай уақытта қайтаратынын айтты» десе, жауапкер жақтан келген куәгер «Иә, оның қарызға ақша алғанын көрдім, бірақ онда ақшаны қайтару туралы әңгіме болған жоқ. Оның жағдайы қиын болғандықтан көмектесіп жатқанын айтты» деп судьяға көрген-білгенін айтады. Екі куәгер екі түрлі жауап берді. Сонда судья «Дәлелдеме ережесі бойынша дәлел жазбаша түрде болуы керек» деп жазбаша түрдегі дәлелдемені алып келуді талап етеді. Бірақ жауапкердің «қарызды қайтарамын» деген міндеттеме алғаны туралы жазбаша дәлел жоқ. Себебі олар ауызша келісімге келген. Мұндай жағдайда судья «Азаматтық процестік кодекстің» 66-бабының 8-тармағы бойынша талапкердің қарызды қайтару туралы талап-арызын қанағаттандырмайды.

Тараптың немесе іске қатысатын басқа да тұлғалардың дәлелдерін негіздеу немесе теріске шығару мақсатында мазмұнын арнайы дайындау немесе өзгерту арқылы алынған фактілер туралы мәліметтердің анықтығына ықпал еткен немесе ықпал ете алатын дәлелдемелерді сот жарамсыз деп таниды, — делінген «Азаматтық процестік кодекстің» 66-бабының 8-тармағында.

Ал егер қарыз сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен асса, қарыз алғаны жөнінде және қайтаратыны туралы айтылған аудио- немесе бейнежазба дәлел бола алады. Бірақ заң бойынша қарыз алушыға диктофонға немесе бейнекамераға жазылатынын ескертіп, рұқсат сұралуы керек. Олай болмаса, сотта бұл дәлелдемелер жарамсыз болады. Жауапкердің адвокаты судьяға «Аудио-, бейнежазбаға жазылатыны ескертіліп, қорғалушымның келісімі сұралған жоқ. Сондықтан бұл дәлелдемелерді іс материалдарынан алып тастауыңызды сұраймын» десе, судья дәлелдемені заңсыз санап, дәлел ретінде есептей алмайды.

1. Азаматтың жеке бас құпиясын, оның iшiнде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделiктер, естелiктер, жазбалар, iшкi жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясын, дәрiгерлiк, адвокаттық құпияны, банктiк салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар.

Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгiленген реттерде ғана ашылуы мүмкiн.

2. Күнделiктердi, жазбаларды, естелiктердi және басқа құжаттарды жариялауға олардың авторының келiсiмiмен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келiсiмiмен ғана жариялауға жол берiледi. Олардың қайсыбiрi қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келiсiмiмен жариялануы мүмкiн, — делінген «Азаматтық кодекс» 144-бабында жеке бастың құпиясын сақтау құқығы туралы.

Қолхатқа жазылған келісім

«Азаматтық кодекстің» 152-бабының 3-тармағы бойынша қолхатпен қоса, қарыз алушының міндеттеме алғаны туралы SMS-хабарлама немесе мессенджерлер мен электрон поштадағы  жазбалар дәлелдеме ретінде саналады. Хат, жеделхат, телефон жазбасы, телетайп жазбасы, факс, электрон құжаттар, электрон хабарлар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.

Бір жапырақ стикерге жазылса да «Ақшаны алдым. Осындай уақытта қайтарамын» деген сөзі оның қарыз жөнінде міндеттеме алғанын дәлелдей алады.

Нотариус куәландырған келісім

Бұл — келісімнің ең сенімді, ыңғайлы түрі. Тараптар екеуара келісімге келіп, қол қояды. Нотариус бірден орындау парағын береді. Сол арқылы сотқа бармай-ақ, қарызды өндіріп алуға болады. Қалғанын сот орындаушылары атқарады.

Талап қою мерзімі — 3 жыл

«Азаматтық кодекстің» 178-бабына сәйкес үш жыл ішінде қарызды қайтару туралы талап қойылмаса, сот оны қайтару туралы талап-арызды қанағаттандырмайды.

Талап қою мерзімі қарыз алушының ақшаны қайтаруды міндетіне алған уақыттан басталады.

Қарыз берілгеннен кейін қарыз алушыдан үш жыл ішінде оны қайтаруды сұрап, талап қойып және сол уақыт ішінде соттың көмегіне жүгініп үлгеруі керек.

Мысалы, қарызыңызды қайтармаған соң үш жылдан кейін сотқа талап-арыз жаздыңыз. Жауапкердің  адвокаты «Иә, талап қойылды. Бірақ талап-арыздың мерзімінен бір күн өтіп кетті (3 жыл, 1 күн). Сондықтан қарызды қайтару жөніндегі талап-арызды қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймын» деп өтінішхат жазады. Сонда судья талапкерден «Үш жыл ішінде қарызды сұрап, қайтаруын талап еттіңіз бе?» деп сұрайды. Егер талапкер қарызын бір ай не екі ай бұрын мессенджер немесе электрон пошта арқылы сұрағанын және оның, мысалы, «Ұят болып кетті, осы күні қайтарамын» деген сияқты міндеттеме алғанын айтса, сот жауапкердің адвокатының өтінішхатын қанағаттандырмайды.

Ал егер қарыз беруші үш жыл ішінде бір рет болса да, қарызды қайтаруды сұрамаса, сот оның талап-арызын қанағаттандырмауы мүмкін. Өйткені талап қою мерзімі өтіп кетті.

Жауапкердің қарыз бен оны қайтару туралы міндеттеме алғаны сотта дәлелденсе, арыз қанағаттандырылып, шешім шығады. Шешім бір айдан кейін күшіне еніп, сот орындаушысының қолына түседі. Олар қарыз алушының ақшаны қайтара ала ма, жағдайы жоқ па немесе жұмысы жоқ па, оған қарамайды. Оның төлеуге мүмкіндігі болмаса, шетелге шығуына тыйым салып, жекеменшік мүлкін сатуды сұрайды. Алдымен өзіне сатуға мүмкіндік береді. Егер өздігінен сата алмаса, сот орындаушысы оның мүлкін аукционға қойып, сатады. Олар қарызды өтеп, қаржы қалып жатса, өзіне қайтарады.

Егер мүлдем мүлкі жоқ болса, үшінші ескертуден кейін қарыз алған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалады.

Сотқа талап-арыз жазу үшін мына құжаттар керек: 

  • қарыз шарты;
  • қолхат немесе басқа дәлелдемелер;
  • мемлекеттік баж салығы төленгенін растайтын түбіртек;
  • талап-арыздың көшірмесі;
  • жеке күәліктің көшірмесі.