Шоқан Чупанбаев Алматыдағы актерлық агенттіктердің бірінде оқиды. Ол «Достар» сериалында кейіпкер Әділ болып ойнайды. Сценарий бойынша Әділ мектепке жаңадан келген. Сериал желісі осы жерден өрбиді.
Әділ — ақылды, әр қадамын ойлап басатын оқушы. Ол басқа мектепке келіп, Мағжанмен достасады. Кейін оларға Әйгерім қосылады. Үшеуіміз «Жақсылық жасап жарысайық» деген топ құрамыз. Мақсатымыз — қай жерде, кімге болса да, жақсылық жасау. Мысалы, қарт кісінің бақшасындағы алмасын теріп береміз, құстың ұясы құласа, орнына қоямыз. Маған Әділдің образы жақын. Себебі мен өмірде де тура Әділ сияқты түрлі жағдайдан тез жол тауып, шыға аламын. Оның басқа да жақсы қасиеттері ұнайды, — дейді Шоқан Чупанбаев.
«Достар» сериалы — Мағжан роліндегі Нұрдос Мейрамбек үшін бірінші тәжірибе. Дегенмен бұл ролі өзіне ұнап жатыр.
Мағжан ұшқалақ, әзілқой, күлдіргі. Ол тамақты көп жейді. Бірақ өте мейірімді, жанашыр бала. Қиын болса да, кинода ойнаған ұнап жатыр. Мәтінді жаттаудан еш қиналмаймын. Мұндай режим мен жұмыс бізге таныс. Өмірде Мағжан сияқты әзілқоймын, бәрін күлдіріп жүремін. Бірақ тамақты көп жемеймін, — дейді Нұрдос Мейрамбек.
— Жақсылық жасау дегенді қалай түсінесіздер?
Шоқан: Шынайы келбетіңді көрсету, яғни жасанды болмау. Әрдайым жақсы қылық істеу, сонда бәрі сені дұрыс қабылдайды. Айналаң сенің ісіңді дұрыс түсінсе, өсе бересің, дамисың.
Нұрдос: Үлкенді сыйлап, қарттарға көмектесу. Өзіңнен кішілерді, достарыңды, класыңды қорғау, айналаны таза ұстау, тұрмысы төмен отбасыларға керегін алып беріп, көмектесу, ешкімді ренжітпеу. Біз құрған топ осының бәрін істейді. «Достар» сериалы досқа адал болуды, өтірік айтпауды, әрдайым көмектесуді үйретеді.
«Достар» сериалының режиссеры Асхат Мұсабайдың айтуынша, ересектер фильміне қарағанда балаларға арналған туындыны түсіру қиын.
Балалар шатасса, ұрыса алмайсың, жылап қалуы мүмкін. Мақтап, жай сөйлесең, еркелеп кетеді. Ересектермен 10-12 сағат түсірсек, балалармен дәл солай жұмыс істей алмаймыз. Олар біраздан кейін ойнап кетеді, одан қалса, шаршайды. Түсірілімді жұмыс деп қабылдамайды, олар үшін бұл жерде жүргенінің өзі — қызық. Дегенмен балалар күшті энергия береді, уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын. Баланың қалай ойнайтынына қарай әр көрініс әртүрлі шығады. Талантты балалар бар, олар біз күткеннен артық ойнайды, — дейді режиссер.
Мен биіктен қорқамын. Сценарий бойынша талдың төбесіне құстың ұясын орналастыруым керек. Түсірілім кезінде мен қорқып, дірілдеп тұрдым. Соған қарамастан бұл көріністі алып шықтым, — дейді Шоқан Чупанбаев.
«Достар» сериалы режиссерының айтуынша, Balapan телеарнасының бала тәрбиесіндегі орны үлкен. Кішкентайлар ата-анасынан гөрі осы телеарнада айтылған кеңестерге жиі құлақ асады.
Сериалда басты рольдегілер «Мен жақсылық жасасам, өзімді күшті сезінемін, сенде де солай ма?» деп теледидардың арғы жағындағы баладан сұрайды. Бала ата-анасына қарағанда теледидардағы өзімен жасты баланың айтқанына нанады. Өз балаларымыз Balapan-да осылай айтты деп, бізге ақыл үйретеді. Сондықтан түсірілім тобына жүктелген жауапкершілік көп. Бұған дейін «Сынық сыныптың» екі кезеңін түсірдік. Енді балаларға арналған сериалдың ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Аталған сериал 20 минуттан болса, «Достар» 40 минуттан 12 серия, — дейді Асхат Мұсабай.
Ақарыс Әділжан «Достар» сериалының сценариін жазған. Ол басты рольдегі Мағжан өзінің прототипі екенін айтты.
Мағжан — өзімнің прототипім. Оқушы кезімде тура Мағжан сияқты күлдіргі, ұшқалақ болдым. Сериалдағы оқу ісінің меңгерушісі Ақмарал Жанатқызы да менің мектептегі апайыма ұқсайды. Сценарий ойдан шықпайды, оны өмірден аламыз. Өзім мектепте көрген қызықтарды сериалға кіргіздім. Балаларға қызық болсын әрі жақсыға баулысын деп, барынша тырыстық, — дейді сценарист.
Сценарист жоба авторларының балаларға арналған фильмнің мазмұнына қатысты жауапкершілігі қандай болуы керек екенін айтты.
Сценарийді екі аптада жазып, қалған уақытта оны редакцияладық. Ересектердің фильміне түрлі әңгімені қоса беруге болады. Ал балаларға арналған жобаның сценариін жазу қиын. Кішкентайлар көретін туындыда әр сөз орнымен айтылуы керек. Өйткені менде осы сериалды көретін әр бала үшін жауапкершілік бар. Кейіпкер дұрыс емес сөз айтса, оны теледидардың арғы жағындағы бала жаттап алады. Фильмде қатал, жауыз образдың да болмағаны дұрыс. Себебі бала өзіне ұнаған кейіпкерге еліктейді, — дейді Ақарыс Әділжан.
Киностудияның атқарушы продюсері Жамал Жақсытай рольдерге кішкентай актерлар қалай таңдалғанын және мектеп өмірі туралы телехикаяны каникул кезінде түсірудің қандай қиындығы болғанын айтты.
Сериалдағы мектеп үшін Tamos Education физика-математика мектебін жалға алып отырмыз. Тамызда барлық мектепте жөндеу жүріп жатыр. Осы жағынан қиналғанымызбен команданың кәсіпқойлығының арқасында түсірілім өз деңгейінде жүріп жатыр. Одан кейін басты рольдегі Әділді біраз іздедік. Себебі оны ақылды, қазақы жігіт ретінде елестеттік. Алматыдағы актерлық шеберлік сабағында оқитын барлық баланы кастингке шақырдық. Себебі мұндай балалар фильмнің не екенін, қалай түсірілетінін, қайтіп ойнау керек екенін біледі. Түсірілім кезінде балаға қалай ойнауды түсіндіру, камераға үйрету қиын. Сол себепті басты рольдерге мәтінді тез жаттайтын, актерлыққа жаттыққан балаларды алдық. Ата-аналарға да кеңесім — балаңызды фильмге түсіргіңіз келсе, оны арнайы курстарға беріңіз, — дейді ол.
Атқарушы продюсер балалар туралы сериалдағы волонтерлық идеясының не себепті маңызды екенін айтты.
Мысалы, шетелде жұмыс беруші адамның волонтерлықпен қаншалықты айналысқанына мән береді. Ол резюмеде арнайы белгіленеді. Себебі тек ақшаға жұмыс істеген адам мен ешқандай ақысыз, тегін қызмет еткен жұмысшыны салыстырғанда біріншісі кез келген істі дөңгелетеді деп сенеді. «Достар» сериалы арқылы бүлдіршіндер жақсылық жасауды, өзгелерге көмектесуді үйреніп, болашақта беделді азаматтарға айналады деп сенеміз. Президент те келесі жылды Волонтерлар қозғалысы жылы деп жариялауды қолдап отыр, — дейді Жамал Жақсытай.
Телесериал мектепте ғана емес, парктерде, үй ішінде және балалардың арнайы жиналатын штабында түсіріліп жатыр. «Достар» Balapan телеарнасының көрерменіне күзде жол тартады.