Халықаралық IT университетінің студентін Алматыда жастардың бірігіп жоба жүргізуіне қолайлы орынның болмауы көптен бері ойландырған. Бірде ол жаңалықтардан қалаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келетінін, оның қоғамдық қабылдауы өтетінін естіп қалған.

Қаладағы коворкинг орталықтарының барлығы ақылы. Бұл студент жастардың мүмкіндігін шектейді. Осы туралы айтып, өтінішімді жеткіздім. Президентке Алматы жастарына инновациялық орталық ашу туралы ұсынысым ұнап, санаулы ай ішінде коворкинг орталық пайда болды. Билік тарапынан мұндай жылдам реакция болады деп күтпегенім рас. Алайда қазір біз осы орталықта идеяларымызды жүзеге асырып жатырмыз. Жақында Digital Nаtion ұйымы да осында келіп, бірнеше жобасын қорғап үлгерді, — дейді студент Нұрсұлтан Байжанов.

Нұрсұлтан Байжанов
Нұрсұлтан Байжанов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Орталыққа кез келген тұрғын келіп, жұмысын істей алады. Мұнда компьютермен, ноутбукпен жабдықталған IT-station, 50 адам сыятын Open Space, кітапханасы бар Bilim Ortalygy, тынығуға, сергуге арналған Active Zone және жұмыс бөлмесі бар. Орталық заманауи стильде ұйымдастырылған, қабырғаларға қазақтың және әлемге әйгілі ірі тұлғалардың қанатты сөздері жазылған. Орталық Book for Life жобасымен серіктестік орнатқан. Қайырымдылыққа бағытталған жобаның кітаптары да осы орталықта тұр.

Bilim Ortalygy
Bilim Ortalygy. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Jas Otan коворкинг орталығы барлық тұрғынға ашық. Орталық жұмысында бюрократияны барынша азайтқымыз келді. Алдын ала онлайн немесе орталыққа келіп, базаға тіркеле аласыз. Сіздің жұмысыңызға ешкім кедергі келтірмейді. Мұндағы басты мақсат — жастар нетворкингіне, олардың  үлкен идеяларды бірге жүзеге асыруына мүмкіндік беру, — дейді Nur Otan партиясының Jas Otan жастар қанатының қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметов.

240 шаршы шақырым болатын орталық бұрын кафе ретінде жұмыс істеп тұрған. Бірнеше айдың ішінде мұнда жөндеу жүргізіліп, жастардың қолданысына тегін берілді. Бұған дейін қолайлы орын таба алмай жүрген жастар бастамасының бірі Аlmaty Volunteers еріктілер жобасы еді. Орталық ашылғаннан кейін бұл жобаның іске асуы жеделдеген.

Бидәулет Серіков
Бидәулет Серіков. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Еріктілердің болуы қала үшін көп пайда әкеледі. Жастар айналасына көмектеседі, өздерін жан-жақты дамытып, коммуникацияны меңгереді. Осы бағытты қолға алған Аlmaty Volunteers жобасы қазір біртіндеп аяққа тұрды. Мұнда келгелі жобаның сайтын, мобайл қосымшасын жасап үлгердік. Аlmaty-volunteers.kz сайты қазір толығымен жұмыс істеп тұр. Мобайл қосымшаның front және back бойынша жұмыстары толықтырылып жатыр, — дейді студент, жоба координаторы Бидәулет Серіков.

Үш ай бұрын іске қосылған Аlmaty Volunteers жобасының аясында еріктілер 20-дан астам шара өткізген. Жоба әлеумет, білім, спорт бағыты бойынша жұмыс істейді. Еріктілер жұмысын алдымен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне көмектесуден бастаған. Оларға сыйлық беріп, үйін жинап, қажет көмек көрсеткен. Көпбалалы отбасыдан шыққан бүлдіршіндерді, балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматының көрікті жерлеріне апарып қыдыртқан, түрлі ойын ұйымдастырған.

Almaty Volunteers мобайл қосымшасы
Almaty Volunteers мобайл қосымшасы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Олар барлық бала тәрізді мүмкіндікті теңдей қолданса екен дейміз. Осыны мақсат еткен ерікті жастар балалардың жан-жақты дамуына көмек көрсеткіміз келеді. Алматының көрікті жерлеріне, музейлерге, демалыс орындарына балаларды ата-аналарымен бірге апарамыз. Jas Otan-ның қолдауымен барлығын тегін ұйымдастырамыз. Біздің жұмысымыз — үйлестіру, екі жақты байланыстыру, жауапкершілікті мойнымызға алу, — дейді Аlmaty Volunteers жобасының екінші координаторы Нұрсұлтан Байжанов.

Координаторлардың айтуынша, қоғамға пайдалы іспен айналысуға ниетті жастар да, үлкендер де, тіпті, қарттар да бар. Тек олардың бірігуіне орта қажет.

«Командаға қалай қосыламын?» деп сұрайтындар өте көп. Біз болашақ IT-маман ретінде оны оңтайлы шешуді қолға алдық. Қазір кез келген тұрғын Аlmaty-volunteers.kz сайтына кіріп, қатарымызға қосыла алады. Онда барлық мәлімет көрсетілген, — дейді Бидәулет Серіков.

Jas Otan коворкинг орталығы
Jas Otan коворкинг орталығы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Almaty Volunteers еріктілер командасына мобайл қосымшамен де тіркелуге болады. Құрастырушылардың айтуынша, қосымшаны қолдану өте қолайлы. Мұнда әр еріктінің жеке кабинеті болады. Ол қосымшаның басты бетінде көрсетіліп тұратын шараны өзі таңдайды. Мысалы, «Арыс тұрғындарына көмектесу», «Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ойын ұйымдастыру», «Қала тазалығы акциясы» және тағы басқалары. Ерікті ұйымдастырушы компания туралы пікір қалдыра алады немесе ұйымдастырушы ерікті жайлы ойын білдіреді.

Мобайл қосымшаға V-coin бонусын енгіздік. Бұл — волонтерды шабыттандыратын жүйе. Ол түрлі шараға қатысып coin жинайды. Оны кино, театр билеті сияқты сыйлықтармен алмастыра алады. Бонусты виртуал ақша деп есептеуіңізге болады. Жәрдемақы сұрап келетін тұрғындар бар. Ерікті бонусын соларға бере алады. Қазіргі уақытта меценаттармен келісіп жатырмыз. Волонтер меценатқа V-coin бонусын өткізеді, ол мұқтаж жанға қаржы аударады, — дейді Бидәулет Серіков.

Қосымшада барлық волонтердың аты-жөні, рейтингісі көрсетіліп тұрады. Рейтингі ең жоғары адамдардың есімі қызылмен белгіленеді.

Jas Otan коворкинг орталығы
Jas Otan коворкинг орталығы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алдағы уақытта топ-100 волонтер тізімін жасап отырамыз. Бұл да еріктілердің белсенділігін арттыруға көмектеседі деп ойлаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастармен кездескенде еріктілерге 30% стипендия, жеті кредитін өтеу тәрізді мүмкіндік беру туралы айтқан. Мұны әзірше уәкілетті органдар қарастырып жатқан болар. Біз де осы мобайл қосымшамызды оларға ұсынуды жоспарлап отырмыз, — дейді жоба координаторлары.

Almaty Volunteers тіл білетін, жан-жақты дамуды көздейтін жастар ортасын қалыптастыруды көздейді. Биыл командаға 5000 волонтерды топтастырмақ. Олардың айтуынша, 730 мың студенті бар қаладан 5000 белсенді студент жастың бірігуі қиынға соқпайды.

It-station
It-station. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Көпшіліктің ойынша, студент қана волонтер бола алады. Негізінде жануарларға қамқорлық көрсеткісі келетін, қала тазалығына үлес қосуды ойлайтын ересектер мен қарттар да бар. Осындай шараларды ұйымдастыратын компания, ұйымдар бізге хабарласа алады. Біз олардың хабарландыруын сайтқа, мобайл қосымшаға енгіземіз. Ерікті солардың арасынан өзі ұнатқан шараға волонтер болады, — дейді Нұрсұлтан Байжанов.

Мобайл қосымша қыркүйек айында толық іске қосылады. Оны Қазақстандағы танымал мобайл қосымшалардың авторлары, Almaty Volunteers командасының мүшелері — Асхат Телжанов, Нұрсұлтан Алмаханов сияқты программистер құрастырып жатыр.