Нұр-Сұлтанда автопарктердің табысы бір жылда 40%-ке өскен

Sputnik Қазақстан тілшісі Astana LRT компаниясына ресми сауал жолдап, қаладағы автопарктердің табысы артқанын білген:

Өткен жылдың мамыр айында автопарктер 1 миллиард 47 миллион теңге пайда тапқан (2,7 миллион доллар, 1 доллардың теңгеге шаққандағы бағасы – 383 теңге). Осы жылдың мамыр айында автопарктердің табысы 1 миллиард 529 миллион теңге (3,9 миллион доллар) болған. Сонымен қатар қоғамдық көлік жолақысын қолма-қол төлейтіндердің саны 75%-тен 7%-ке азайған.

Нәтижесінде автопарктердің 2018 жылдың шілдесінен 2019 жылдың шілдесі аралығындағы таза табысы 40%-ке өскен.

1 жылдың ішінде қандай өзгеріс болды?

  • Қоғамдық көлікте сараланған тариф енгізілген бірінші айда жолаушылардың 83%-і қолма-қол ақшасыз төлемді пайдаланған;
  • 2018 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 90%-ке артқан;
  • 2019 жылдың шілде айына дейінгі мәліметке сәйкес, жолаушылардың 95%-і қолма-қол ақшасыз төлемді пайдаланатын болған;
  • Қоғамдық көлікте жолақысын электронды түрде төлеу жүйесі енгізілгелі бері 1,5 миллион көлік картасы сатылған;
  • Күн сайын қоғамдық көліктің қызметін 500 мың адам қолданады;
  • 1 күнде қала тұрғындары 700 мыңға дейін транзакция жасайды;
  • Көлік компаниясы жолаушылардың саны мен халық жиі пайдаланатын қоғамдық көліктер туралы сенімді деректер жинауға мүмкіндік алған;
  • Нәтижесінде қала әкімдігі жоғарыда аталған деректердің негізінде қоғамдық көліктерге бөлінетін субсидияның нақты сомасын шығарған.