Алматыда «Жас ұлан» мектебіне құжат тапсыру басталды

Жалпы білім беретін мектептің 9-класын бітіріп, негізгі орта білім туралы куәлік алған оқушы мектепке құжат тапсырып, бақ сынай алады.

Қазақстанның түрлі өңірінен келген балалар кәсіби-психологиялық іріктеуден өтеді. Одан кейін олар дене даярлығы мен медициналық тексерістен өтуі қажет. Қабылдау комиссиясы үш кезеңнің нәтижелері мен негізгі орта білімі туралы куәліктің орташа ұпайы бойынша оқуға қабылдау туралы шешім шығарады.

Қабылдау комиссиясы әскери мектептің оқу үдерісі мен бағдарламасы туралы, мектепті бітіргеннен кейінгі мүмкіндіктер мен балалардың келешегі туралы түсіндіреді.

Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебі — жалпы білім беру бағдарламасы бойынша мемлекеттік тілді және шет тілін, әскери білім мен күшейтілген дене даярлығын іске асыратын оқу орны. Бұл мектептен бүгінге дейін ұландардың 36 легі түлеп ұшты. Қазір олар Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында және тағы басқа жоғары әскери білім ордаларында білім алып жатыр. Мектепті аяқтағандардың 80%-ті әскери бағыттағы жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жалғастырады.

Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебіне оқуға түсу үшін ұлдар 15 жасқа толған болуы керек. Сонымен қатар жалпы орта білім беретін мектептің 9-сыныбын бітіргенін растайтын куәлігі болуы шарт.

Мектепке қабылдау 1-21 тамыз аралығында 5 кезең бойынша жүзеге асырылады. Үміткерлердің білім деңгейі жоғары, психологиялық іріктеу талаптарына сай, дене даярлықтары мықты, денсаулық жағдайы бойынша жарамды болуға тиіс. Биыл мектепке 220 адам қабылданады. Мектептің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі бастығының орынбасары, академиялық басқарма бастығы, подполковник Олег Резниковтің айтуынша, қазір 500-ден аса оқушы құжат тапсырған. Енді олар іріктеудің бес кезеңінен мүдірмей өтуі керек.

Талапкерлер
Фото: «Жас ұлан» мектебі

1-кезең — кәсіби-психологиялық іріктеу. Бұл кезеңде оқуға түсушінің күйзеліске төзімі, логикалық ойлау деңгейі тексеріледі.

2-кезең — негізгі орта білім беру бағдарламасы бойынша математика және мектепте оқыған тілі бойынша тестілеу. Бұл кезеңде талапкердің білім деңгейі анықталады.

3-кезең — әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу ережесі бойынша медициналық тексерістен өту. Бұл кезеңде талапкердің жалпы денсаулығы тексеріледі.

4-кезең — бекітілген нормативтер бойынша дене дайындығын тексеру.

5-кезең — конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау.